АИ-95 орнына АИ-92 сатылған: Депутат бензин сапасын QR-кодпен тексеруді ұсынды
Құрылтай депутаты Асхат Рахимжанов сапасыз жанармайдан көлігі бұзылған азаматтардың жөндеу шығынын өтеу тетігін енгізуді ұсынды. Депутат осы мәселеге байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, кейінгі уақытта АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин сапасының күрт нашарлауына қатысты азаматтардың шағымы көбейген.
«Жанармай құйғаннан кейін көліктер тұрақсыз жұмыс істей бастайды: форсункалар, оталдыру шамдары, катализаторлар және басқа да қымбат бөлшектер істен шығады. Кейбір жағдайда автокөлік иелері жөндеуге 200 мыңнан 600 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр. Бұл көптеген отбасының бюджетіне елеулі салмақ түсіреді», – деді Асхат Рахимжанов.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, 2026 жылы бақылау мақсатында жүргізілген сатып алулар кезінде жанармайды алмастыру фактілері анықталған.
Мәселен, Алматыда АИ-100 бензині ретінде сатылған өнімнің құрамындағы күкірт мөлшері белгіленген деңгейден үш еседен астам жоғары болған. Ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен кәдімгі АИ-92 бензині сатылған.
Депутаттың сөзінше, бұл жекелеген жағдайлар ғана емес. Тексеру нәтижесінде талапқа сай келмейтін жанар-жағармай үлгілерінің үлесі әлі де айтарлықтай болып отыр.
Ол жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген сапалы жанармайдың өзі тұтынушыға жеткенше өз қасиетін жоғалтуы мүмкін екенін айтты. Мұндай жағдай тасымалдау, сақтау, ауыстырып тиеу немесе сату кезінде болуы ықтимал.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 281-бабының 5-бөлігінде талапқа сай емес мұнай өнімдерінің айналымы үшін жауапкершілік көзделген. Бірақ заңдағы бір норманың өзі жеткіліксіз. Іс жүзінде жанармай сапасының өндірушіде, мұнай базасында, тасымалдаушыда немесе нақты жанармай құю стансасында нашарлағанын жедел анықтау өте қиын. Ал жанармай құйғаннан кейін көлігі бұзылған азамат бензин сапасы мен келтірілген залал арасындағы себеп-салдар байланысын өзі дәлелдеуге мәжбүр», – деді депутат.
Осыған байланысты ЖСДП фракциясы Үкіметке алты ұсыныс жолдады.
Біріншіден, жанармай құю стансалары мен мұнай базаларында алдын ала ескертусіз сынама алу құқығын беру, сондай-ақ міндетті зертханалық сараптамамен тұрақты бақылау сатып алуларын өткізу арқылы мұнай өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылды.
Екіншіден, жанармайдың әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан нақты жанармай құю стансасына дейін цифрлық бақылау жүйесін енгізу қажет. Депутаттың ұсынысы бойынша, жанармай құю стансасындағы QR-код арқылы тұтынушы өнімнің қайдан келгенін және зертханалық тексеру нәтижесін сатып алғанға дейін көре алуы керек.
Үшіншіден, тек соңғы сатушыны жазалаумен шектелмей, жеткізу тізбегіндегі нақты кінәлі тараптың жеке жауапкершілігін белгілеу ұсынылды.
Төртіншіден, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 281-бабы бойынша құқық қолдану тәжірибесін талдап, талапқа сай емес жанармайды сату мен айналымға шығарғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Мұндай өнім партияларын айналымнан міндетті түрде алып қою да ұсыныстар қатарында бар.
Бесіншіден, өңір, жанармай құю стансасы, анықталған заңбұзушылық және қабылданған шаралар көрсетілетін жанармай сапасын тексеру нәтижелерінің ашық мемлекеттік тізілімін құру ұсынылды. Бұл азаматтарға жанармай құю орнын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.
Алтыншыдан, сапасыз жанармайдан зардап шеккен азаматтарды қорғаудың нақты тетігін енгізу қажет. Атап айтқанда, жанармай сапасы мен көлікке келген залал арасындағы байланысты дәлелдеуді жеңілдетіп, диагностика мен жөндеуге кеткен шығынды өтеу ұсынылды. Кейін бұл қаражат кінәлі тараптан өндіріліп алынуға тиіс.
«Отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және сапалы жанармай өндірісін арттыру жұмыстары өнім тұтынушыға жеткенше сапасын жоғалтса, өз нәтижесін бермейді. Мемлекет бензиннің сапасына зауыттан шыққан кезде ғана емес, әрбір автокөлік иесінің багына құйылғанға дейін кепілдік беруге міндетті», – деді Асхат Рахимжанов.
Еске салайық, бұған дейін бірқатар қазақстандық АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтып, шағымданған еді. Осыған байланысты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жағдайды тексеру үшін орынбасарын Павлодар мұнай-химия зауытына жібергенін мәлімдеді.
Министр ақаудың неден шыққаны әзірге анықталмағанын айтты. Жанармай құю станциялары жауапкершілікті мұнай өңдеу зауытына жүктесе, зауыт өкілдері мәселе жанармай бекеттерінен болуы мүмкін екенін алға тартқан. Сондай-ақ Ақкенженов тиісті сападағы бензиннің жаңа партиясы, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілетін отын жолда екенін хабарлаған еді.
Сондай-ақ, «көлігіміз бұзылды» деген шағымнан кейін Павлодар бензинінің сапасы тексерілді.