Бүгiн 2026, 16:05 Фото: ©️ BAQ.KZ / Бауыржан Жуасбаев

АИ-92 бағасы Ресейдегі жағдайға байланысты өсе беруі мүмкін – сарапшы

Сарапшының сөзінше, Қазақстанда өндірілетін бензин ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жетеді.

Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасы алдағы уақытта да қымбаттауы мүмкін. Мұндай пікірді сарапшы Меруерт Махмұтова елдегі жанармай нарығына қатысты жағдайды түсіндіре отырып айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда өндірілетін бензин ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жетеді. Бірақ жанар-жағармай бағасы субсидияланатынын ескеру қажет. Сондықтан оның бағасы Ресей мен Қырғызстанға қарағанда төмен, – деді сарапшы.

Ол 2025 жылдың соңында Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО елдері 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы келісімге келгенін атап өтті .

Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары былтырдан бері украиналық ұшқышсыз ұшақтардың шабуылына ұшырап жатқан кезде мұндай шешімге қалай қол қойылғаны түсініксіз, – деді ол.

Сарапшы сондай-ақ Қазақстан 1 сәуірден бастап бензин бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартып, бағаны көтеруге қойылған мораторийді алып тастағанын атап өтті.

Әдетте жанармай бағасы Ресей мен Қырғызстандағы деңгейге жеткенше өседі деуге болар еді. Сонда Қазақстаннан жанармайды бензин таситын көліктермен де, канистрлермен де сыртқа алып шығу азаяр еді. Бірақ Ресейде жанармай тапшылығы күн сайын күшейіп келеді. Сондықтан ол жақта бағаның қашан тұрақтайтынын болжау қиын, – деді сарапшы.

Оның пікірінше, осыған байланысты Қазақстанда да жанармай бағасының өсуі қашан тоқтайтынын айту әзірге мүмкін емес.

Бағаны ұстап тұру үшін шекараны жауып, жанар-жағармайдың сыртқа шығарылуын шектеу қажет. Бірақ біз әзірге мұндай қадамға дайын емес сияқтымыз, – деп түйіндеді сарапшы.

Оқи отырыңыз: 

Бензин неге қымбаттап жатыр? Энергетика министрі түсіндірді

Мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталды: нарық Таяу Шығыстағы жағдайды бақылап отыр