Ахмет үмітін арқалаған тілшінің жолы

Белгілі журналист, аудармашы Ернат Мелсұлы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай велосипедпен Түркия елін бағындыруға аттанған болатын. Ол еліміздің төрт облысынан өтіп, Грузиядан асып, Түркия еліне табан тіреген. Бүгін велошабандоз Түркияның Анкара қаласына аялдамақ , деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

- Ернат Мелсұлы, сапар барысы туралы сөз етсек. Қазір қай қаладасыз?

- Бүгін ел астанасы Анкараға жетуді мақсат етіп отырмын. Ыстамбұлға Кония, Бурса қалалары арқылы айналып барамын. Сапарыма астымдағы Сұржекейім (велосипедім) жақсы серік болып келе жатыр. Осыған дейін 4 500 шақырымдай жол жүрдім. Енді Стамбулға шамамен 900- шақырымдай жол қалды.

- Түрік елі сізді қалай қарсы алып жатыр?

- Түркия аумағына кіргелі Стамбулда, Анкара қаласындағы елшіліктегі отандастарымыз хабарласып, күтіп отырғанын айтуда. Ханзадалар жатқан Бурса қаласы биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Алла қаласа, сол Бурсада, Анкарада бір күн, Конияда бір күн аялдасам деймін. Түрік елі жақсы қарсы алуда. Қазақ екенімді көріп, Қазақстаннан арнайы Түркияға достық,ынтымақтастықты насихаттау барысында теміратқа мініп келе жатқанымды көріп риза болуда. 

- Сапар барысында қиыншылық туындап жатқан жоқ па?

- Кутаисиден шығып Батуми қаласына бет алғанда 10 шақырымдай автомагистральмен жүрдім. Жан-жағы қоршау, жолы тегіс, халқы алыста екен. Содан соң, тау халқын көрейін, тұрмысымен танысайын деп бағытымды алмастырдым. Оған қоса, сол күні күн жаңбырлы болды. Гүржістандағы сол сапарым сәл қиындық тудырды. Қалалық айақтарында халқы кішкене ағылшынша сөйлей алады, ал ауылдық жерде ағылшынша, орысша мүлдем білмейді екен.  Бір айта кететіні, мұнда орыс тіліне мүлдем теріс көзқараста. Біліп тұрса да, білмеген сынай танытып тұрады.Көшеде, далада барлығы тек гүржі тілінде жазылған. Сондай-ақ, дінге берік ел екен.

- Аға, сапар барысы әжептеуір қиындық тудырған екен. Әлеуметтік желідегі жазбаларыңыздан оны көріп, біліп отырмыз. Бір жазбаңызда ұлттық асхана, дәмхана туралы сөз еткен екенсіз...

- Иә, ас - адамның арқауы дейді. Алыс жолда адам өзінің үйреншікті тағамын іздейді екен. Сонау Батумиде  өзбектердің екі бірдей асханасы қызмет етіп тұр. Әдемі етіп өзбектің тарихи орындарын бейнелеп қойған. Өбек ыдыстары, өзбек көрпешелері... Бір сөзбен айтқанда, ішін өзбек рухы кернеп тұр. Грузияда қазақтар да көп деп естіп жатамыз ғой осы. Неге қазақ дәмханасын қолға алмасқа деген тұжырымға келдім.

-  Сізді не тәнті етті?

- Түркияда да, Грузияда да ұнағаны – барлық жерде өзінің мемлекеттік тілін қолданады. Мысалы, Түркияда жергілікті тұрғындармен шай ішіп отырып, әңгімелесе келе оның шыққан тегі неміс не әзірбайжан екенін білесіз. Негізгі тектері басқа болса да, өздерің түрікпін деп санап, тек түрік  тілінде сөйлейді. Өздері құрметтегенімен қоймай, мен секілді өзге туристердің де түрік тілін құрметтегінің талап етіп тұрады. Екінші ұнағаны – барлық жерде түрік асханасы. Көшеде түрлі-түсті жазумен ұлттық тағамдарын баннерлерге жазып қояды. Түркияда инфрақұрылым жақсы дамыған. Жолдары теп-тегіс. Жол жиегінде аялдайтын жерлері, суағарлары бар. Тағы бір ұнағаны – Түркияда мемлекетшілдік деген жоғары деңгейде. Жәй қауын сататын жерде  мемлекеттік ту желбіреп тұрады. 

- Бұл сапар нені мақсат етеді?

- Негізгі мақсатым - Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай Халықаралық деңгейде насихаттауға азамат ретінде үлес қосу. Оның идеялары, өмірі, еңбегі туралы тек қана қазақ емес, бергісі түркі әлемі,арғысы бүкіл әлем өнеге қылатындай тұлға. Жүрген жерімде суретін көрсетіп, өмірбаянының, сөздерін ағылшынша, түрікше насихаттау.  Екіншісі – Абай атамыздың идеялары – адамзатқа ортақ идея. Сол Абай атамыздың бүкіліне ортақ- толық адам идеясы бар. Абай атамыздың Анкарада,Ыстамбұлда ескерткіші, көшесі бар. Сапар барысында сол ескерткіштеріне барып, сол толық адам идеясын насихаттау.

Сонымен қатар мен  Қазақстанда тағы бір аманатты арқаладым. Ахмет Байтұрсынұлының өзі көзі тірісінде туған жері - Ақкөлден топырақ бұйырса екен деп армандаған. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына орай, ұрпақтары сол атылған жерден топырақ алып, оны Сартүбекте ашылған кесенеге әкеліп салды. Сол кесененің ашылу салтанатынан қиылған көк матаны енді Стамбулдағы Абай ескерткішінде байламақпын.

Орта жолда тағы бір арқалаған аманат – Ақтөбе облысында, Т.Жүргенов ауылына келгенде Әлім Алмат деген кісінің тарихымен таныстым.Ол қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы екен. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында ол немістерге тұтқынға түсіпті. Сонда немістер оның өнерін білген соң, оны тұтқыннан босатыпты. Қалған өмірін Түркияға келіп өткізген екен. Осы әңгімені естіп, әсерленіп туған жерінен бір уыс топырақ алдым. Түркиядағы зират басына барып салу ниеттемін. 

Және осы сапарға шығуыма мені шабыттандырған – Мұстафа Өзтірік болатын. Мұстафа Өзтүрік біз тәуелсіздігімізді алған кезде, елге қызмет етемін деп Түркияда жүрген жерінен елге оралды.Брюс Лиден артық болмаса, кем емес спортшы. Мұстафа Өзтүріктің ұлтжандығын,батылдығын,елін сүйгендігін біз білеміз. Бірақ, қазіргі жастар көп біле бермейді. Ондай тұлғаны қазіргі ұрпақ білуі керек. Ұлттық идеология деген осы. Сол ағамызды үлгі тұтамын. Сондықтан сапар соңын  Гюнешлі ауданындағы Мұстафа Өзтүріктің зиратына барып, құран бағыштаумен аяқтауға ниет еттім. Мұндай велошерулер әлі жалғасын табады. Алла қаласа, 2024 жылы  Мұстафа Өзтіріктің туғанына 70 жыл болады. Бір жағынан соңы насихаттау үшін, екінші жағынан Парижде жазғы олимпиада өтпек. Сол сайыста спортшыларымызға рух беріп, қолдау үшін келесі сапарым – Париж бағытында болмақ.

- Әңгімеңізге рақмет. Сапарыңыз сәтті болсын. Елге аман-есен оралыңыз!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы