Бүгiн 2026, 12:50 Фото: gov.kz

Аэротакси, криптоэкономика және өнеркәсіп: Алатау қалай дамиды?

Алатау ең алдымен инвестор тартуға бағытталған дербес қалалық жоба ретінде қарастырылып отыр.

Алатау қаласы Дубай немесе Сингапур сияқты юрисдикциялармен тікелей бәсекеге түспейді, керісінше өз дамуындағы басым бағыттарға назар аударады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, Алатау ең алдымен жергілікті жерде жұмыс істеп, экономиканы дамытуға дайын инвесторларды тартуға бағытталған дербес қалалық жоба ретінде қарастырылады.

Алатау – шын мәнінде қала, Дубай немесе Сингапур секілді бөлек юрисдикция емес. Біз бір инвестор үшін барлығымен жарысуды мақсат етпейміз. Бізге қалада нақты жұмыс істеп, өндіріс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытатын резиденттерді тарту маңызды. Барлық бағытты бірден дамытуға тырысу – тығырыққа тірейтін жол, – деді Қанат Бозымбаев.

Ол алдағы үш ай ішінде Алатаудың даму стратегиясы толық әзірленіп, онда негізгі басымдықтар нақты бекітілетінін айтты. Қазірдің өзінде бес негізгі бағыт айқындалған.

Біріншісі – шағын әуе тасымалы экономикасы. Біз аэротакси мен пилотсыз авиацияны дамыту мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Алатауда мұндай технологияларды сынақтан өткізуге, соның ішінде алыс қашықтық пен үлкен биіктікте ұшу мүмкіндіктеріне жағдай жасалады. Қазірдің өзінде осы салада көш бастап тұрған америкалық және қытайлық халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Екінші бағыт – цифрлық активтер мен криптоэкономиканы дамыту.

Біз цифрлық активтерге арналған толыққанды реттелетін орта қалыптастыруды көздеп отырмыз. Бұл жекелеген компанияларды тарту ғана емес, инвесторлар криптоактивтерді нақты жобаларға – құрылысқа, өнеркәсіпке және инфрақұрылымға инвестициялау үшін пайдалана алатын экожүйе құруды білдіреді. Мұндай тәсіл инвестициялық үдерістерді жеделдетіп, транзакциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді вице-премьер.

Сонымен бірге ол барлық үдерістер қаржылық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік бақылауда болатынын атап өтті.

Басым бағыттардың қатарында өңдеуші өнеркәсіп, туризм және көлік-логистика секторы да аталды.

Қазірдің өзінде шамамен 600 миллиард теңгені құрайтын 19 жобадан тұратын пул қалыптастырылды, инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Олардың арасында ірі халықаралық компаниялар бар. Сонымен қатар Алатаудың тиімді географиялық орналасуы логистика мен көлік саласын дамытуға үлкен мүмкіндік береді, – деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, осы бағыттарды дамыту қаланың тұрақты экономикалық моделін қалыптастырып, ұзақ мерзімді инвестиция тартуға жол ашады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жаңа "ерекше қала" пайда болуы мүмкін екені белгілі болды.