Бүгiн 2026, 20:14 Фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

"Әділет" партиясы ресми тіркелді: Оның құрамында кімдер бар?

Қазақстанда "Әділет" партиясы ресми тіркеуден өтті. Жаңа саяси ұйым өз басымдықтарын жариялап, азаматтарды бірігуге шақырды.

Қазақстанда жаңа саяси ұйым – "Әділет" партиясы ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл туралы партия өкілдері мәлімдеді.

Партияның хабарлауынша, мемлекеттік тіркеу 2026 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген.

"Әділет" партиясы әртүрлі саланың өкілдерін біріктіреді. Оның құрамында еңбек адамдары, мұнай сервистік және тау-кен металлургиясы саласының қызметкерлері, шахтерлер, спорт, білім, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік, IT-сектор, құқықтану және креативті индустрия өкілдері бар.

Партия өкілдерінің айтуынша, ұйымның негізгі басымдықтарының қатарында заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайту, тиімді мемлекеттік институттарды дамыту, өңірлерді қолдау, цифрландыруды ілгерілету, адами капиталды дамыту және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру мәселелері бар.

Алдағы уақытта партия ұйымдық құрылымын қалыптастыруға және өңірлердегі жұмысын жолға қоюға кіріспек.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай қоғамда әділеттілікке деген сұраныс бар екенін атап өтті.

Біз қоғамда әділеттілікке деген сұраныстың бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан партия қызметі бес негізгі құндылыққа негізделеді. Олар – әділеттілік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс, – деді ол.

Сондай-ақ Дәдебай партияның мемлекеттік институттарды нығайтуға, экономиканы және өңірлерді дамытуға, білім беру жүйесін жетілдіруге, заманауи технологияларды енгізуге және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.

Партия төрағасы қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар, бизнес қауымдастықтары, сарапшылар, ғалымдар, еріктілер, мәдениет саласының өкілдері мен жастарды және белсенді азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Еске салсақ, Құрылтай съезінің делегаттары "Әділет" партиясының басшылық және бақылау органдарын сайлаған еді.