22 Шілде 2026, 13:40 Фото: gov.kz

Әділет министрлігі Қашаған операторына қарсы атқарушылық өндірісті бастады

Қашағандағы экологиялық дау: Атырау сотының шешімі заңды күшіне енді.

Қашаған операторы North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына қатысты атқарушылық өндіріс қозғалды. Әділет министрлігі BAQ.KZ сауалына берген жауабында сот орындаушысының қаулысы 2026 жылғы 21 шілдеде шыққанын хабарлады.

Оператор басшылығына атқарушылық құжатты орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілді.

Оператор экологиялық заңнаманы бұзуға байланысты айыппұл төлеу міндеттемесі бойынша заңды күшіне енген сот қаулысымен расталған заңды талаптарды орындаған жоқ. Осыған байланысты сот орындаушысының 2026 жылғы 21 шілдедегі қаулысымен атқарушылық өндіріс қозғалды. Мәжбүрлеп орындату шеңберінде NCOC операторының басшылығына атқарушылық құжатты орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ескертілді, - делінген Әділет министрлігінің жауабында.

Бұл жерде Қашағанда күкіртті нормадан тыс орналастырғаны үшін салынған экологиялық айыппұл туралы айтылып отыр. Шешім 2026 жылғы 20 шілдеге дейін өз еркімен орындалуы тиіс еді.

Бұған дейін не болды?

Қашаған операторына қатысты экологиялық шағымдар Энергетика министрлігі мен Экология министрлігі жүргізген тексерулерден кейін пайда болды.

Мемлекеттік органдардың мәліметінше, кен орнында шикі күкіртті газды нормадан тыс жағу, сондай-ақ күкіртті сақтау талаптарын бұзу фактілері анықталған.

Әртүрлі кезеңдерде компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал мемлекеттік органдардың бөлек шешімдері мен сот актілеріне NCOC тарапынан да, уәкілетті органдар тарапынан да бірнеше рет шағым жасалды. Мәселен, 2024 жылы соттар газды нормадан тыс жағу фактісін растаса, 2025 жылы сот процестері экологиялық нұсқамалар мен әкімшілік айыппұлдардың заңдылығы мәселелері бойынша әрі қарай жалғасты.

2,3 трлн теңге (шамамен 4,92 млрд доллар) көлеміндегі айыппұл 2025 жылы Қашаған кен орнында күкіртті сақтау лимиттерін асыра пайдаланғаны үшін тағайындалған болатын. NCOC бұл шешіммен келіспей, талқылау аяқталғанға дейін өндіріп алу жүзеге асырылмайтынын мәлімдеп, оны халықаралық арбитражда даулап жатыр.

Атырау соты шешімді қолдады

2026 жылғы 19 маусымда Атырау облыстық соты Атырау облысы бойынша Экология департаменті салған экологиялық айыппұлды күшінде қалдырған бірінші инстанция сотының шешімін қолдады.

Шешім заңды күшіне енді. Компания оны 20 шілдеге дейін өз еркімен орындауы тиіс еді. Айыппұл төленбеген жағдайда, өндіріп алу сомасының 10% мөлшеріндегі атқарушылық алымды қоса алғанда, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы тиіс болатын.

Кейін Reuters агенттігі хабарлағандай, консорциумның басқарушы директоры Джанкарло Руиу әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту алғаны хабарланды. Ол кезде министрлік бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірмеген еді.