Әділет министрі: Конституциялық өзгерістер мемлекеттің жұмысын жүйелейді

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бір палаталы парламент пен президенттік басқару нысаны жағдайында жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындау тәртібін өзгертуге қатысты ұсыныстарды таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, жаңартылған модель билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға тиіс.

Бір палаталы парламент пен президенттік басқару нысанын ескере отырып, кадрлық тағайындаулар тәртібінің моделі билік тармақтарының келісімді жұмысын және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуі қажет. Президент мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлға ретінде оның қалыпты жұмыс істеуіне негізгі жауапкершілік арқалайды, – дейді Әділет министрі.

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, Конституцияда президент Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен берілген келісімі негізінде вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін және Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін тағайындайтыны жөніндегі норма бекітілмек.

Президенттің Құрылтайдың келісімімен осы лауазымдарға тағайындау тәртібін бекіту ұсынылады. Мұндай құрылым саяси күштерді ымыра іздеуге және жауапты әрекет етуге ынталандыратын превентивтік функция атқарады, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Аталған тағайындауларға келісім бір рет берілмеген жағдайда, мемлекет басшысына Құрылтайды тарату құқығы беріледі. Министрдің сөзінше, жалпы алғанда ұсынылып отырған модель президент пен депутаттық корпус арасындағы институционалдық тепе-теңдікті қалыптастырады.

Ұсынылып отырған модель мемлекет басшысының бастамашыл рөлін депутаттық корпустың шешуші даусымен ұштастыра отырып, президент пен Құрылтай арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді, – деді ол.

Сонымен бірге, ұлттық қауіпсіздікке, қаржылық тұрақтылыққа және құқық үстемдігіне тікелей байланысты органдар басшыларын президенттің жеке өзі тағайындау құқығын сақтау көзделіп отыр. Атап айтқанда, бұл санатқа Бас прокурор, Конституциялық және Жоғарғы соттардың төрағалары, Ұлттық банк төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата, Жоғары сот кеңесі, Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кіреді.

Мұндай тәсіл аталған лауазымды тұлғалардың мемлекет басшысы алдындағы жеке жауапкершілігі мен есептілігін көздейді, тағайындаулардың жедел жүзеге асуына мүмкіндік береді және әсіресе сын-қатерлі кезеңдерде мемлекеттік билік органдары жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етеді, – деп түсіндірді министр.

Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттыруға және жария билік институттарының сапасын нығайтуға бағытталған.

Мемлекеттік жүйенің тиімділігі жекелеген тұлғаларға емес, жария билік институттарының сапасына байланысты, – деп түйіндеді Сәрсембаев.

Бұған дейін бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтетіні хабарланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Конституциялық реформа жөніндегі комиссия
Өзгелердің жаңалығы