29 Қыркүйек 2026, 10:15 Фото: Никита Басов|olympic.kz

Аделина Земс Азия ойындарында жеке рекордын жаңартып, күміс жүлдегер атанды

Қазақстандық жеңіл атлет Аделина Земс Жапонияның Айчи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

400 метрге кедергілер арқылы жүгірудің финалында Земс қашықтықты 54,58 секундта бағындырып, жеке рекордын жаңартты.

Қазақстандық спортшы Мариам Каримнен 0,27 секундқа қалып, екінші орын алды. БАӘ өкілі 54,31 секунд нәтижесімен Азия ойындарының рекордын жаңартты.

Үшінші орынға Үндістан спортшысы Витья Рамрадж жайғасты. Ол да жеке рекордын жаңартып, 54,75 секунд уақыт нәтижесін көрсетті.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық стенд атушылар Азиадада қола жүлде иеленді.