Адам саудасының құрбаны болмас үшін нені білген жөн?
Бұл туралы ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ өкілі адам саудасының құрбаны болмас үшін нені білу керектігін ескертті.
Азаматтарға айтарым, егер сіздер осындай қылмыстың куәсі болсаңыздар, дереу 102 нөміріне немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарлауды сұраймын. Мұндай жағдайға тап болмас үшін, бірнеше кеңес бергім келеді: құжаттарыңызды бөтен адамдарға бермеңіздер; жұмыс туралы күмәнді ұсыныстан бас тартыңыздар; басқа қалаға немесе елге шыққан кезде құжаттарыңыздың көшірмесін туысқандарыңызға қалдырып, өзіңіздің қай жерде екеніңізді хабарлап отыруды ұмытпаңыздар; өзіңіз баратын елдегі Қазақстанның дипломатиялық мекемелеріне байланыс деректеріңізді қалдырыңыздар, - деп атап өтті Қанат Нұрмағамбетов.
Айтуынша, ел аумағында осындай қиын жағдайға тап болғандарға көмек беретін ұйымдар бар.
Сонымен қатар еліміздің әрбір өңірінде адам саудасынан зардап шеккендерге тегін жәрдем беретін үкіметтік емес ұйымдар бар. Олар құжаттарды қалпына келтіруге, уақытша тұратын баспана беруге және басқа да әлеуметтік көмек көрсетуге дайын, - деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін жыл басынан бері адам саудасымен байланысты 76 қылмыс тіркелгені туралы жазған болатынбыз. Оның ішінде: жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін – бесеу; кәмелетке толмағандарды сатқаны үшін – тоғыз; кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін – жеті; адам саудасы үшін – он төрт; притон ұйымдастырғаны үшін – қырық бір іс бар.