Адам саудасы - әлемдегі басты проблемалардың бірі

Елордада Адам саудасына қарсы күресте ұлттық және халықаралық серіктестіктерді нығайту тақырыбында халықаралық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні жыл сайын бүкіл әлемде 30 шілдеде атап өтіледі. Биылғы жылдың тақырыбы - «Адам саудасының әрбір құрбанын қамту, ешкімді назардан тыс қалдырмау. Осы орайда Астанада Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ҮЕҰ), Winrock International іске асыратын АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон» жобасы және АҚШ Мемлекеттік департаменттің есірткіге қарсы күрес және құқық қорғау қызметінің Халықаралық мәселелері жөніндегі бюросының (INL) ұйымдастыруымен конференция өтіп жатыр. 

Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстан елдерінен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысып жатыр. 


Орталық Азиядағы БҰҰ ЕҚБ аймақтық өкілі Ашита Миттал әрбір адамның өмірі маңызды екенін айтып, алдағы уақытта адам саудасына байланысты бірлесіп жұмыс істеу керек екенін жеткізді.

Біз бірлесіп ынтымақтастықта болып, ақпарат алмасу және бірлескен операциялар арқылы бұл қылмыстың трансұлттық сипатын тоқтатамыз. Бұған өз үлесімізді қосу үшін Орталық Азия өңіріне мүше мемлекеттерді адам саудасымен күресудің мамандандырылған өңірлік тетіктері мен желілерін құруды қолдаймыз. Әрбір өмір маңызды,- деді Ашита Миттал.

АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблум адам саудасына қарсы күресте серіктестік орнату маңызды екеніне тоқталды.

Сіздердің барлығыңызға «үш пэ» тәсілімен таныс екеніңізді білемін - алдын алу, қудалау және көмек. Бүгін мен «төртінші пэ», яғни серіктестік туралы айтқым келеді. Серіктестік – бұл АҚШ-тың адам саудасы жөніндегі мемлекеттік департаментінің жыл сайынғы соңғы есебінің тақырыбы. Себебі мықты серіктестік әрқашан адам саудасына қарсы тиімді шаралардың кепілі,- деді Дэниел Розенблум.

Бұл конференция адам саудасына қарсы күресте ұлттық және халықаралық әріптестікті нығайтудың жарқын мысалы деп айтуға болады.Мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың ұжымдық жұмысының арқасында осы бағытта белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілді. Жұмыстың жаңа тәсілдері енгізілді, Парламент Мәжілісінің қарауында тұрған «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасы әзірленді. 

Осындай бірлескен күш-жігермен ғана біз жағдайға айтарлықтай әсер ете отырып, адам саудасының құрбандарын қорғауды қамтамасыз ете аламыз,-деді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ректорының м.а. Қалиолла Сейтенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов , автор
Өзгелердің жаңалығы