«Дауыс беру» деген тіркес қайдан шыққан?

Нұр-сұлтан, BAQ.KZ. Шындығына келгенде, біз сайлауда дауысымызды шығарып емес, қағазға белгі қойып береміз. Сайлауда дауыс яғни дыбыс, үн берудің қажеті жоқ болса, барлығы қағаз жүзінде іске асырылса, неге дауыс беру дейміз? Осы мәселені анықтап көрейік.

Біріншіден, дауыс беру деген тіркестің өзі калька, яғни орыс тілінен тікелей аударылған: голос – дауыс; голосовать – дауыс беру. Орыс тілінің өзіне Еуропа тілдерінен тікелей аударма жолымен келген болуы керек, өйткені орыс тілінің ескі сөздіктерінде «голосовать» сөзі кездеспейді, тек соңғы Даль сөздігіне енгізілген. Оның өзінде оған «сайлау науқанындағы жаңа термин» деген белгі қойылған.

Ағылшындар дауысты vote, ал дауыс беруді to vote дейді. Ресеймен аралас-құралас болмаған түріктердің өзінде oy vermek деп қолданылады, мұндағы oy «дауыс» мәнін білдіреді. 

Демек, «дауыс беру» деген бүкіләлемдік сөз; әлем тілдеріне тікелей аударылып тараған болуы керек.

Оның шығу тарихы қандай? Дауыс шығарып сайлау дәстүрі көне Еуропа халықтарынан қалған деседі. Көне дәуірде сайланатын тұлғалар арасында бір адамды белгілі қызметке тағайындау үшін халықтан сұрайды екен. Бұл дәстүр бойынша алаңға жиналған халық бірнеше үміткерге қиқулап дауыс шығару арқылы дауыс береді екен. Халық қай үміткердің атын көбірек атап, қаттырақ дауыс шығарып қолдаған болса, сол үміткер жеңген болып саналады екен. Осы дәстүрдің негізінде дауыс беру деген тіркес пайда болды-мыс. Жаңа сайлау жүйесі дүниежүзіне таралғанда бұл тіркес те әлем тілдеріне калька жолымен аударалып тараған болуы керек. 

Енді, қазақ тіліндегі дауыс сөзінің өзі қайдан шыққан?

Түркі тілдерінде «дыбыс» мағынасында көптеген сөз қолданылуда: дауыс; дыбыс; үн; әуез; кү; күй, шу; чау; сес және т.б. Бұлардың ішінде дауыс сөзі қыпшақтарға тән болса, сес сөзі оғыздарға тән. Көне түркі тілінде табыш және тавуш формасында қолданған сөз қазақ тіліне дауыс тұлғасына дейін өзгеріп жеткен. Салыстырыңыз: табыш > тавыш > тавуш > тауыш > тауыс > дауыс > даус... Қазақ тілінде дауыс нұсқасы жұмсалғанымен, оғыздардың сес сөзі де кейбір тұрақты тіркес құрамында сақталғаны қызық құбылыс. Мысалы, «сеспей қатты»; «сес берді», т.б.

Дауыс, дыбыс, үн, әуез, күй, шу, сес сөздерінің барлығы бастапқыда «дыбыс» мәнін білдірген, оның басқа мағыналары кейінірек пайда болған. Мысал ретінде айтсақ, көне түркі тілінде чау сөзі «дыбыс» мәнінде қолданылып, қазіргі қазақ тілінде шу формасында жұмсалуда. Сол сияқты көне түркі тілінде кү сөзі «дыбыс» мәнін білдірсе, қазір күй түрінде және мүлдем басқа мағынада қолданылуда.

Бір қызығы, «дауыс, дыбыс» мағынасын білдіретін дауыс, үн, шу сияқты сөздер түркі тілдерінде «атақ, даңқ» сияқты мәндерде де жұмсалады. Мысалы, түріктерде үн түбірінен құралған ünlü тұлғасы «атақты» дегенді білдіреді. Қазақ тілінің говорларында да бұның семантикалық варианты дыбысты адам – «атақты адам» тіркесі қолданылады.

Орхон ескерткіштерінде «дыбыс» мағынасындағы кү сөзінен құралған күлүг «атақты» деген сөз кездеседі. Қазақ тіліндегі «жүйрік», яғни «атақты, атағы жер жарған тұлпар» дегенді білдіретін күлік (сайгүлік) сөзі осымен байланысты болуы керек.

Көне түркі ескерткіштерінде «дыбыс» мәніндегі чау сөзі де «атақ, даңқ» деген мәнге ие болған, ал чауықмыш тұлғасы «атақты» дегенді білдірген. Қазақ тіліне келер болсақ, көне чау сөзінің баламасы шу сөзі де «аты шулы» тіркесінде атақты дегенді білдіріп тұр. Қазақ тіліндегі шу сөзінің теріс мағынасы негізінде аты шулы дегенді «жаманатты» деп түсініп жүрміз. Шындығына келгенде, аты шулы дегеніміз «атақты, танымал» деген сөз. Мысалы, алтай тілінде атту чуулу деген тіркес «атақты, даңқты» мәнінде жұмсалып жүр. Сонда біздің аты шулы дегеніміз ертеректе «атты-шулы», яғни «аты бар, даңқы бар» болып қолданылып, кейінірек аты шулы болып өзгерген болуы да мүмкін. Бүгінде шу сөзінің теріс мағынасы негізінде аты шулының жақсы мағынасы жойыла бастаған.

Cайып келгенде, дауыс және онымен синонимдес сөздер «ән, күй, әуез, шу, дау, атақ, даңқ» сияқты көптеген туынды мағынаға ие болған. Солардың ішінде ең жаңа мағына, яғни қазіргі кезде сайлау науқанында өзекті болған «дауыс, дауыс беру» мәні де бар.

Марлен Әділов

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы