Абайдағы өрт. Тракторшы Архиповтің отбасына қандай көмек көрсетіледі?
Бұған қатысты Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Сенаттың кулуарында пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Сергей Архиповты Абай облысындағы өрт құрбандарының тізіміне кіргізу мен оның отбасына қаржылай қолдау көрсету мәселесін үкіметтік комиссия шешеді.
Қоса ма, қоспай ма, оны үкіметтік комиссия шешеді. Әлеуметтік сақтандыру қоры, мемлекеттік бюджеттен егер оның асырауындағы адамдар болса, қайтыс болуына байланысты асыраушысынан айырылғандығы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы міндетті түрде тағайындалады. Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем төленеді. Бұл қаражаттар ол өрт сөндіруге қатысса да, қатыспаса да, міндетті түрде төленеді, - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ерұлан Жамаубаев «Абай облысындағы төтенше жағдайда денесі табылған тракторшы Сергей Архиповтің жақындарына ресми құрбандарға төленетін жәрдемақы беріле ме» деген сұраққа жауап берді.
Орман өртін өшіруге аттанған Сергей Архипов хабар-ошарсыз кеткен болатын. Бірнеше күннен соң азаматтың өрт аймағынан тракторы, кейін денесі табылды.