#Абай175жыл: Павлодарда сотталған эстафетаға қатысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арман қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына арналған #Абай175жыл эстафетасына қатысты. Бұл туралы ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты АП-162/3 мекемесінде алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр.
«Жаңалықтардан Абайдың құрметіне арналған науқан жүріп жатқанын естігенде, жасақ бастығына айтып, эстафетаға қатысуға ниет білдірдім. Мен бас бостандығынан айыру орнында отырғаныма қарамастан, еліміздің өзге де азаматтары секілді Абайдың шығармашылығына деген құрметімді білдіре алғаныма қуаныштымын», - дейді Арман.
Арман қазақтың қара домбырасының сүйемелдеуімен ақынның «Көзімнің қарасы» деген шығармасын айтып шықты.
Арман өлең жазып, домбыра тартумен бала күнінен айналысады. Оның жазасының өтеу мерзімінің аяқталуына 3 жылға жуық уақыт қалды. Оны отбасында жұбайы мен 3 ұлы күтуде.
Арманның айтуынша, домбыра шерту арқылы ол көңіліне тыныштық табады.
Айта кетейік, аталған челленджге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, эстафетаны танымал әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған болатын, ал Димаш өз кезегінде ресейлік продюсер Игорь Крутойды және миллиондаған тыңдармандарын эстафетаға қатысуға шақырды. Бұл эстафетаға қатысқандардың арасында ҚР БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да бар.