Абай облысында той кортежіне 19 хаттама толтырылып, бес жүргізуші жауапқа тартылды
Жолдағы қауіпті әрекеттері үшін бірнеше жүргізуші жауапқа тартылып, көліктері айыптұраққа жөнелтілді.
Абай облысында жол ережелерін өрескел бұзған той кортежіне қатысушылар жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақсуат ауылының Қабанбай көшесінде той кортежіне қатысқан бірнеше жүргізуші жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлер жасаған. Олардың әрекеті жолдағы басқа қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан барлық жүргізушіні анықтады.
Тексеру барысында Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Chevrolet, Toyota және Lada Priora көліктерін басқарған бес азамат жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушыларға қатысты маневр жасау тәртібін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау бойынша барлығы 19 хаттама рәсімделді, - деп хабарлады Абай облысының Полиция департаменті.
Сондай-ақ, олардың көліктері арнайы айыптұраққа қойылды.
Бұған дейін Түркістан облысында жол ережесін өрескел бұзған түлектер кортежі анықталған болатын.
Тағы оқи отырыңыздар:
"Айыппұлды тек қалтаға салмақ түскенде түсінеді": ІІМ басшысы "штрафстан" туралы сынға жауап берді
Оралда той кортежінде ереже бұзғандарға айыппұл салынды
"Кері бағытта жүрген кортеж": Ақтөбеде жүргізушілер жауапқа тартылды