10 Тамыз 2026, 18:15 Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Абай мұрасын әлі де ғылыми тұрғыдан терең зерттеу қажет – ғалым

Абай мұрасын зерттеу әлі аяқталған жоқ. Ақынды әлемдік деңгейдегі тұлға ретінде таныту үшін оның шығармашылығын өзге ойшылдармен салыстыра отырып, ғылыми тұрғыдан терең зерделеу қажет. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «XXI ғасырдағы Абай мұрасының өзектілігі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде  айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғалымның пікірінше, Абайдың ойлары әр дәуір үшін өзекті. Ақынның әділдік, адам мінезі, жалқаулық, білім мен адамгершілік туралы тұжырымдары бүгінгі қоғамдағы мәселелермен де үндеседі.

Абайдың ойларына үңілсек, бүгінгі қоғамның мінез-құлқы мен әлеуметтік қарым-қатынасындағы мәселелердің, соның ішінде мақтаншақтық, жалқаулық секілді келеңсіз қасиеттердің сол кезеңнен бері әлі де жойылмағанын байқаймыз. Ақынның идеялары бүгінгі қоғамға тікелей айтылғандай әсер қалдырады. Оның ой-тұжырымдары әр дәуірде жаңа қырынан ашылып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді түсіндіруге мүмкіндік береді,  – деді Шәкір Ыбыраев.

Профессор тәуелсіздік алғаннан бері Абай туралы жүздеген монографиялық еңбек жарық көргенін атап өтті. Дегенмен ақынды «әлемдік тұлға» ретінде бағалау нақты ғылыми салыстырулар арқылы дәлелденуі керек.

Шәкір Ыбыраев Абай шығармаларын зерттеуде мәтінтану мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, ақын шығармаларын жариялау кезінде мәтіннің тұтастығы мен бастапқы құрылымын сақтау маңызды.

Ғалым 1909 жылы жарық көрген Абай жинағына қатысты мәтінтану мәселесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, ақынның кейбір шығармалары бастапқы қолжазбада тұтас берілгенімен, кейінгі академиялық басылымдарда бөліктерге бөлініп жарияланған.

Бір өлең алдың ба, тек керегін алмай, тұтас алу керек. Талдау, зерттеу керек. Мәтіннің ішінен керегін ғана  алу – маңызды мәселе, – деді профессор.

Ғалымның айтуынша, Абай мұрасын әлемдік деңгейде таныту ең алдымен оның шығармаларын түпнұсқаға барынша жақын сақтап, ғылыми негізде зерттеуден басталады. Сонымен қатар ақынның шығыс руханиятымен және әл-Фараби, Аристотель секілді ойшылдармен идеялық сабақтастығын зерделеу маңызды.

Профессор Абайдың адамгершілік идеяларының қазіргі қоғам үшін де маңызы зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, адам бойындағы имандылық пен тазалық орныққанда ғана қоғамдағы өзара қарым-қатынас пен әлеуметтік орта жақсарады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, биылғы бұл атаулы күн еліміздегі ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отырғанына да тоқталды.

Тағы оқи отырыңыз: Ұлы ақын туралы көпшілік біле бермейтін деректер 

Қазақстандағы барлық кітапхана бірыңғай электронды жүйеге біріктіріледі 

Қызықты статистика: Қазақстанда Абай есімді 9 әйел бар

Нұрай Зинелова