Абай-175: Хакім атындағы музей онлайн шараларды өткізді

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан 11 жыл бұрын бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы Абай саябағында «Хакім Абай» музейі ашылған болатын. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен бой көтерген музейдің 22 қыркүйектегі салтанатты ашылуына еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев та арнайы келіп қатысты.

1845 жылы дүниеге келген Абай Құнанбаев қазақтың бас ақыны, философ, композиторы, ағартушысы, ойшылы, қоғамдық қайраткер, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы және оның алғашқы классигі. 1904 жылы небары 59 жасында қайтыс болған ұлы хакімнің биыл 175 жылдығы республика көлемінде кеңінен аталып өтіп жатыр.

Музейді ашудағы мақсат – ақынның терең философияға толы шығармашылығымен, қарасөздерімен, өмір жолы мен хакімдік мұрасын жергілікті халыққа кеңінен насихаттау, бүгінгі жастардың ұлы ақын Абай туралы ізденісін кеңейту, ой-өрісіне қозғау салу, олардың бойында патриоттық сезім мен еліміздің ұлы тұлғаларын мақтаныш ету, руханиятты дамыта түсу. 

Аталған музейдің жалпы аумағы 950 шаршы метр жерді алып жатыр. Ал музей ғимаратының жалпы ауданы 490 шаршы метр, экспозициялар қойылған аумақ – 345 шаршы метрді құрайды. 

Музей меңгерушісі Шығыс Өтептің айтуынша, биыл ұлы ақынның 175 жылдығы пандемияға сәйкес келіп қалғандықтан көптеген іс-шаралар онлайн түрде өткізілген. 


Өзіңіз білесіз, биыл ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай музей әкімшілігі түрлі іс-шараларды өткізбек болып жоспарлағанбыз. Алайда пандемияға сәйкес түсіп қалдық. Дегенмен, соған қарамастан біз онлайн түрде хакімнің қарасөздерін жатқа оқу, өлеңдерін мәнерлеп оқу т.б. бірнеше жарыс ұйымдастырдық. Байқауға көбіне облыстың жастары, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Оларға ынталандыру сыйлықтары берілді, - деді музей меңгерушісі Шыңғыс Батырбекұлы. 

Айта кетейік, музейде бес зал бар, атап айтқанда бірінші зал – Абай заманы, екінші Мәжіліс залы, үшінші Хакім Абай залы, төртінші Абайтану залы, бесінші зал Галерея және дәлізден тұрады. 

Абай заманы бөлімінде негізінен ақынның шығармашылығы орналастырылған. Ал Хакім Абай залында «Қара сөздер» мен «Сегіз жолды өлеңге» арналған. Сонымен қатар, ойшыл ақынның аудармаларына орын берілген. Ол өз заманында тек қана шығармашылықпен шектелмей аударма ісін де жандандырып, орыстың талантты ақын-жазушыларын қазақ тілінде сөйлетті. Айталық, Пушкин, Лермонтов, Бунин, Толстой, Гете, Крылов, Байронның жазған туындыларды аударды. Музейде ойшыл ақынның «Дала уәлайаты» газетінде алғаш жарық көрген түрлі шығармаларынан бастап, әлемнің ондаған тілдеріне аударылған кітаптарынан көрме жасақталған. 

«Абай заманы» залында қазақтың киіз үйі мен оның ішкі бөлігін құрайтын жасаулар, бұрынғы тұрмыстық бұйымдар мен этнография, жиһаздар көрініс тапқан киіз үйдің келбеті орнатылған. «Жыл мезгілдері» кезеңіне біріктірілген Абайдың әйгілі төрт өлеңі туралы сыр шертетін зал ерекше безендірілген. 

Біз келушілердің қызығушылығын арттыру үшін құнды дүниелер жинауға тырыстық. Соның бірі, «Абайтану» залындағы түрлі құжаттар, портреттер, фотосуреттер, ақынмен тығыз қатынаста болған Абайдың шәкірттері, ізбасарларының шығармаларын жинадық. Ал Мәжіліс залында телеэкран орнатылған. Мұнда келушілер 10-25 минуттық Абай туралы фильмдерді тамашалай алады, - деді Шыңғыс Өтеп. 

Бұдан бөлек, музейде Абайдың перзенттері Ақылбай мен Мағауия, Тұрағұлдың, Көкбай Жанатаев, Әсет Найманбаев, сондай-ақ ақын, аудармашы, фәлсафашы Шәкәрім Құдайбердіұлының да жазған дүниелері жинақталған. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтың еңбектері де музейден орын алған. Сонымен бірге, заманымыздың заңғар жазушысы әрі абайтанудың негізін қалаушы Мұхтар Әуезовтің қызметімен таныстыратын материалдар молынан топтастырылған. 

Ал қазіргі заманның абайтанушылары, «Абайтану» ғылыми орталығының ұстазы Мекемтас Мырзахметов, Мақсат Әліпхан, Тұрдыбай Қалдыбай және т.б. ғалымдардың ұлы хакім туралы зерттеу материалдары жинақталған.
Еске сала кетсек, «Хакім Абай» музейі Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалына қарайды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы