6 Тамыз 2026, 11:14 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

9 млн алып, 26 млн қайтарған: Қостанайда заңсыз несиеден миллиард тапқан азамат сотталды

OLX пен Instagram арқылы клиент тартқан күдікті 50-ден астам адамды тиімсіз қарызға батырған. Сот оның қымбат мүлкін тәркілеуге шешім шығарды.

Қостанайда заңсыз микрокаржылық қызмет және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру ісі бойынша үкім шықты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті жергілікті тұрғынның заңнамада көзделген лицензиясыз мүлікті кепілге қойып қарыз беру қызметін ұйымдастырғанын анықтады. Клиенттерді тарту үшін OLX және Instagram платформаларында жарнамалар орналастырылған.

Азаматтардың ауыр материалдық жағдайын және екінші деңгейлі банктерден несие ала алмауын пайдаланған ол жылдық мөлшерлемесі 120%-ға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз берген.

Сонымен қатар, нотариат куәландырған шарттарда қарыздың нақты сомасы емес, алдын ала есептелген сыйақы, ресімдеу шығындары және өзге де төлемдер қосылғандықтан, негізсіз ұлғайтылған сома көрсетілген, - деп хабарлады ҚМА.

Мәселен, жәбірленушілердің бірі іс жүзінде 9 млн теңге алғанымен, шартта 14 млн теңге көрсетілген. Кейін 18 млн теңге көлеміндегі қарызды көздейтін тағы бір шарт жасалған. Алайда бұл шарт бойынша оған ешқандай қаражат берілмеген. Кейін сот шешімімен жәбірленушіден 26 млн теңге өндірілген.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан 50-ден астам азамат өздері үшін тиімсіз шарттармен қарыз міндеттемелеріне тартылған. Қылмыстық жолмен алынған кіріс 1 млрд теңгеден асқан.

Сот үкімімен ол 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған төрт пәтерді, екі жер учаскесін, сондай-ақ Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500 және Hyundai Santa Fe автокөліктерін мемлекет кірісіне тәркіледі, - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Тағы оқи отырыңыз: «Кипрден пәтер алып беремін»: 100 млн теңгеге әйелді алданған қазақстандық Грузиядан елге жеткізілді 

150-ден астам дропперді басқарған қылмыстық желі әшкереленді: ҚМА күдіктілерді ұстады