85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін: Депутат ең төменгі жалақыға қатысты пікір білдірді
Құрылтай депутаты Олжас Құспеков ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге көтеру мәселесіне пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай шешім қабылдағанда экономикалық ахуалды ескеріп, инфляцияның өсуіне жол бермеу маңызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, Президент Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны тежеу жөнінде нақты міндет жүктеген. Сондықтан экономикалық саясатқа қатысты тапсырмаларды өзара байланыстыра қарастыру қажет.
Мұның барлығы экономикалық жағдайды ескере отырып шешілуі керек. Жалақының өсуі инфляцияға және тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауына әкелмеуі тиіс. Сондықтан ең алдымен Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны тежеу мәселесін шешуі қажет, – деді Олжас Құспеков.
Депутат ең төменгі жалақыны халықтың табысын бағалайтын жалғыз көрсеткіш ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, елдегі орташа жалақы деңгейі мен жалпы экономикалық жағдайды да ескеру қажет.
Ең төменгі жалақы – жұмыс берушілер мен мемлекет белгілеген ең төменгі шек. Одан төмен жалақы төлеуге болмайды. Бірақ оның жоғарғы шегі жоқ. Меніңше, ең төменгі жалақыны 100 мың теңге деңгейінде алатын азаматтар көп емес. Сондықтан бұл мәселені экономикалық көрсеткіштер тұрғысынан қарастыруымыз керек, – деді депутат.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жодауында Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Президент бұл тапсырма 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асуы керегін айтты.
Тағы оқи отырыңыз: Президент Тоқаев: Ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту