7 млн баланың болашағына 1,3 трлн теңге: «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қалай жүзеге асып жатыр?
Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға бес жыл ішінде 1,3 трлн теңге қарастырылған. Құжат аясындағы 158 іс-шараның 70 пайызы толық орындалды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 29 қаңтарда бекітілген тұжырымдама балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы, денсаулығын сақтау, отбасында тәрбиеленуі және әлеуметтік қорғалуы мәселелерін қамтиды. Құжат төрт негізгі бағыттан тұрады.
Тұжырымдамада барлығы 158 іс-шара мен 10 индикатор белгіленген. Оның 94-ін 2026 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Қабылданғанына он айға жуық уақыт ішінде іс-шаралардың 70 пайызы толық орындалған. Ал тұрақты сипаттағы 32 бағыт бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Сонымен қатар 2027-2028 жылдарға жоспарланған жеті іс-шара мерзімінен бұрын іске асырылған. Олардың қатарында психологиялық диагностиканы цифрландыру, педагог-психологтерге «Жеке қауіпсіздік» курсын өткізгені үшін қосымша ақы төлеу, сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету және олардан жауап алу әдістемелерін әзірлеу бар.
Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда 7 миллионға жуық бала тұратынын, бұл ел халқының шамамен үштен бірін құрайтынын атап өтті. Балалардың игілігіне бағытталған мемлекеттік инвестиция көлемі үш есе өсіп, 6,4 трлн теңгеге жеткен.
Министр балаларды қаржылай қолдау тетіктеріне де тоқталды. 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында балалардың арнайы шоттарына үш жыл ішінде мынадай қаражат аударылған:
• 2024 жылы – 695,5 млн АҚШ доллары;
• 2025 жылы – 888,8 млн АҚШ доллары;
• 2026 жылы – 901,7 млн АҚШ доллары.
Бұдан бөлек, балалардың болашақта білім алуына қаражат жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» білім беру жинақтау жүйесі енгізілді. Оның аясында мемлекеттік бастапқы капитал 60 АЕК көлемінде белгіленген. Ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бұл көрсеткіш 120 АЕК-ті құрайды.
Еске салсақ, Қазақстанда соңғы үш жылда қиын жағдайға тап болған немесе көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам бала анықталып, оларға тиісті қолдау көрсетілді.