+50 градусқа дейін ыстық: Шілдеде ауа райы қандай болады?
«Қазгидромет» шілденің климаттық ерекшеліктерін жариялады.
Шілде айында Қазақстанның басым бөлігінде жылдағы ең жоғары ауа температурасы тіркеледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК көпжылдық бақылауларға негізделген климаттық шолуында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Синоптиктердің мәліметінше, шілдеде күн ұзақтығы біртіндеп қысқара бастағанымен, ауа температурасы жыл ішіндегі ең жоғары деңгейге жетеді.
Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде орташа айлық ауа температурасы +18...+23 градус, ал Шығыс Қазақстанның таулы аудандарында +14...+16 градус шамасында болады. Оңтүстікке қарай температура біртіндеп көтеріліп, +28...+30 градусқа дейін жетеді.
Солтүстік облыстарда ай ішінде орташа тәуліктік температурасы +20...+25 градустан жоғары болатын 15-20 күн, ал оңтүстіктің жазық бөлігінде 25-30 күн күтіледі.
Шілде айында тәуліктік температура айырмашылығы да айтарлықтай болады. Оңтүстікте күндізгі және түнгі температура айырмасы 16-19 градусқа, солтүстік өңірлер мен оңтүстік-шығыстың тау бөктерінде 12-15 градусқа дейін жетеді. Ал биік таулы аймақтарда бұл көрсеткіш 10 градустан төмен болуы мүмкін.
Көпжылдық деректерге сәйкес, абсолюттік ең жоғары температура солтүстік және шығыс облыстарда +42...+43 градусқа, батыс, орталық және оңтүстік-шығыста +47...+48 градусқа, ал оңтүстік өңірлерде +49...+50 градусқа дейін көтеріледі.
Мұндай аптап ыстық солтүстік пен шығыста орта есеппен он жылда екі рет, оңтүстік облыстарда он жылда 7-8 рет қайталанса, еліміздің ең оңтүстігінде жыл сайын байқалуы мүмкін.
Сонымен қатар шілдеде ауа райының салқындауы да жоққа шығарылмайды. Солтүстік және шығыс өңірлерде түнгі температура 0...+5 градусқа, қалған аумақта +7...+12 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Кейбір жылдары Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында шілде айында -1...-4 градусқа дейін үсік тіркелген.
Жауын-шашынға келсек, шілдеде оның ең көп мөлшері елдің солтүстік бөлігінде түседі. Бұл өңірлерде айлық норма 45-83 мм, ал шығыс өңірлердің таулы және тау бөктеріндегі аудандарында 86-182 мм болады.
Оңтүстікке қарай жауын-шашын көлемі азаяды. Оңтүстік өңірлердің басым бөлігінде айлық жауын-шашын мөлшері небәрі 1-12 мм, кей жерлерде 14-24 мм шамасында болады. Ал оңтүстік-шығыстың тау бөктерінде 26-54 мм, таулы аймақтарында 60-160 мм, кей жағдайларда 250 мм-ден де көп жауын-шашын түсуі мүмкін.
Синоптиктердің айтуынша, шілде айындағы жаңбыр көбіне нөсер түрінде жауады. Кейбір жағдайларда бір тәуліктің ішінде бір айлық жауын-шашын нормасы немесе одан да көп мөлшер түсуі ықтимал.
Орта есеппен солтүстік облыстар мен шығыс және оңтүстік-шығыстың таулы өңірлерінде айына 8-15 жаңбырлы күн, кей жылдары 18-23 күнге дейін, ал таулы аймақтарда 20-26 күнге дейін жаңбыр жауады. Шөлейт өңірлерде жаңбырлы күндер саны 1-4 күн, ал ылғалды жылдары 5-7 күнге дейін жетеді.
Көпжылдық бақылаулар бойынша, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейдің 30 пайызынан төмен болатын құрғақшылық солтүстік өңірлерде орта есеппен он жылда бір рет, ал шөлді аймақтарда он жылда 4-6 рет қайталанады.
Шілде айында найзағай да жиі байқалады. Таулы өңірлерде айына 8-12 күн, солтүстік облыстарда 6-8 күн, батыс өңірлерде 5-6 күн, ал шөлейт аумақтарда 1-2 күн найзағай ойнайды.
Бұршақ негізінен жергілікті сипатта жауады. Ол көбіне еліміздің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда кездеседі. Бұл өңірлерде бұршақ он жылда 6-9 рет тіркелсе, Іле Алатауының солтүстік беткейінде жаз мезгілінде айына 1-3 ретке дейін бұршақ жаууы мүмкін.
Тағы оқи отырыңыз: Шілдеде қай өңірлерде қуаңшылық болуы мүмкін? "Қазгидромет" болжам жасады