5 ЖЭС неге қызыл аймақта? – Энергетика министрлігі түсіндірді
Премьер-министр мәселенің шешілу мерзімін нақтылады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жылу электр станцияларының (ЖЭС) жағдайына қатысты нақты сұрақтар қойып, жауапты ведомствоға мерзімді міндет жүктеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы Энергетика вице-министрінің баяндамасынан кейін саладағы тәуекелді нысандарға тоқталды.
Қазіргі уақытта бізде ЖЭС-тың 5-еуі қызыл аймақта қалып отыр. Ол бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – деді Олжас Бектенов.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, аталған жылу орталықтары бойынша нақты жоспар бекітілген.
Иә, 5 ЖЭС қызыл аймақта қалып отыр. Жылу орталығы бойынша тиісті жоспар бар. Әкімдіктермен бірігіп, жоспарды бекіттік. Қадағалау комитеті апта сайын осы жылу орталықтарының жөндеу жұмыстарын тексереді. Қаржыландыру мәселесі де шешілген. Қаржыландыру 40 пайызға өсті, – деді вице-министр.
Премьер-министр мәселенің шешілу мерзімін нақтылады.
Нақты қашан қызыл аймақтан шығады? – деп сұрады ол.
Өз кезегінде Есімханов ЖЭС-тарды “қызыл аймақтан” шығару осы жылдың соңына дейін жоспарланып отырғанын айтты.
Қызыл аймақтан осы жылдың аяғына дейін шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір 4 көрсеткішпен рейтинг жүргізіп жатырмыз. Кейін жаңа 9 көрсеткіш бойынша рейтинг жасаймыз деп көздеп отырмыз. Ал жалпы жақсы деңгейде биыл жылдың аяғына дейін міндет тұр, – деді ол.
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемен қаласындағы өндірістік нысанда болған жарылысқа байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеп, мәселені жеке бақылауына алды.
Бұған дейін Өскемендегі зауыттардың бірінде өрт шыққаны хабарланған еді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шаң ұстау құрылғысында жарылыс болып, артынша өрт тұтанған. Соның салдарынан ғимараттың бір бөлігі құлаған.
Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде ашық жалын тіркелген. Қазіргі уақытта ТЖМ бөлімшелері өртті толық сөндіру және зардап шеккендердің бар-жоғын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оқиғаға байланысты жедел штаб құрылып, жағдай толық бақылауға алынған.
Белгілі болғандай, Өскемендегі "Казцинк" аумағында жарылыс салдарынан шыққан өрттен зардап шеккен 4 адам ауруханаға жеткізілді.