«45 жылымды ауыл шаруашылығына арнадым, еш өкінбеймін»: Президент марапаттаған аграршылар әсерімен бөлісті
Олардың қатарында күн сайын 80-ге жуық бұзауды бағып-күтетін Әлия Қапарова мен 45 жылдан астам өмірін ауыл шаруашылығына арнаған Сергей Звольский бар
Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік награда алған сала мамандары өз әсерлерімен бөлісті. Олардың қатарында күн сайын 80-ге жуық бұзауды бағып-күтетін Әлия Қапарова мен 45 жылдан астам өмірін ауыл шаруашылығына арнаған Сергей Звольский бар. Еңбек адамдары BAQ.KZ тілшісіне кәсібінің қиындығы, жетістіктері және мемлекеттік марапаттың маңызы туралы айтып берді.
«Айналамның бәрі ер адамдар, жалғыз әйел өзім екенмін»
Ақмола облысындағы «Бурабай-Милка» ЖШС-де бұзау күтуші болып жұмыс істейтін Әлия Қапарова үшін Президенттің қолынан мемлекеттік награда алу ерекше әсерлі сәт болған.
Оның айтуынша, марапаттау рәсімінде қатты қобалжығанымен, толқынысын білдірмеуге тырысқан.
Аяғым дірілдеген жоқ, нық қадаммен шықтым. Бірақ іштей қатты қобалжыдым. Бір жағынан қуаныш, екінші жағынан мақтаныш сезімі болды. Әсіресе, бөлмеге кіргенде айналамның бәрі ер адамдар екенін, олардың арасында жалғыз әйел өзім екенімді көріп, ерекше мақтандым. Сол сәттегі әсерім әлі басылған жоқ. Өте қуаныштымын, – дейді ол.
Әлия Қапарованың күнделікті жұмысы таңғы сағат бесте басталады. Ол жаңа туған бұзауларды бағып-күтіп, олардың дұрыс өсіп-жетілуін қадағалайды.
Жұмысымыз таңғы бесте басталады. 21 күндік бұзауларды қабылдап, екі айлық болғанша сүт беріп, күтіп-бағамын. Одан кейін оларды келесі жас тобына өткіземіз, – деді ол.
Бір мезгілде оның қарауында 80-ге дейін бұзау болады. Әрқайсысының денсаулығы мен қоректенуін бақылау үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Бұзауларға ерекше күтім қажет. Ауырып қалмауын, сүтті шамадан тыс ішіп қоймауын қадағалауымыз керек. Бұл оңай жұмыс емес, – деді Әлия Қапарова.
Ол еңбегінің жоғары деңгейде бағаланғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Ауыл шаруашылығында 45 жылдан астам еңбек еттім, еш өкінбеймін»
Мемлекеттік наградаға ие болғандардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысындағы «Астык-STEM» ЖШС директоры Сергей Звольский. Ол саналы ғұмырының 45 жылдан астам уақытын ауыл шаруашылығына арнаған.
Оның айтуынша, көпжылдық еңбегінің мемлекет тарапынан жоғары бағалануы күтпеген әрі қуанышты жағдай болған.
Бір жағынан таңғалдым, екінші жағынан жылдар бойы ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегімнің лайықты бағаланғанына қуандым. Бұл мен үшін өте маңызды, – деді Сергей Звольский.
Ол Мемлекет басшысының форумда айтқан жердің қателікті кешірмейтіні туралы сөзіне ерекше тоқталды.
Бүгін Президент жердің қателікті кешірмейтінін анық айтты. Еңбек етіп, қосылған құны жоғары өнім өндіретін шаруашылықтар қаржыландыруға қол жеткізеді. Бұл – өте маңызды, – деді кәсіпорын басшысы.
Сергей Звольскийдің ауыл шаруашылығына қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде басталған. Ол тоғызыншы және оныншы сыныптарда оқушылардың өндірістік бригадасында еңбек еткен. Сол кездегі тәжірибесі болашақ мамандығын таңдауға ықпал етіпті.
Мектеп кезінен еңбекке араласқанымыз ауылда қалып, жұмыс істеуімізге себеп болған шығар. Қазір жастар да ауылда болашақ бар екенін көріп, осы салаға келе бастады, – деді ол.
Бүгінде Сергей Звольский бастаған істі кейінгі ұрпақ жалғастырып жатыр. Ұлы кәсіпорынды басқарады, ал немересі мал шаруашылығы мамандығы бойынша білім алуда.
Бұл бізді қуантады. Мен ауыл шаруашылығында 45 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін және таңдауыма еш өкінбеймін. Бұл – өзіміз жақсы меңгерген іс. Бүгін Мемлекет басшысы біздің бүкіл кәсіпорынның еңбегіне жоғары баға берді, – деді Сергей Звольский.
Еске салайық, 20 қарашада Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумы өтті. Іс-шара барысында аграрлық саланың дамуына үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұрат Қаражұманов пен Геннадий Зенченко аграрлық саланың бүгінгі жағдайы туралы пікір білдірді. Олар ауыл шаруашылығындағы маман тапшылығы, мемлекеттік қолдау және мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқталды.
Тағы оқи отырыңыз: «Оқымасаң, мал бағасың» деген түсінік қате – ауылға көшкен бұрынғы тележүргізуші
«Үш жыл бұрын мұны елестете де алмадық»: Иван Сауэр аграрлық саланың жетістіктерін атады