+36°C ыстық пен нөсер жаңбыр: Қазақстанда алдағы күндері ауа райы күрт өзгереді
Қазақстан бойынша 2026 жылғы 5–7 мамырға арналған ауа райы болжамы.
Алдағы үш күнде Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты құбылмалы ауа райы күтіледі.
Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райының құбылмалы сипаты сақталады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні күшеюі мүмкін. 5 мамырда елдің солтүстігінде, 6-7 мамырда батысында қатты жаңбыр күтіледі. Республика бойынша батыс өңірлерде түнгі және таңғы сағаттарда тұман болжанады, - деп хабарлады Қазгидромет.
Сондай-ақ, Республика аумағында ауа температурасының аздаған ауытқуы күтіледі.
Елдің оңтүстігінде күндіз температура +22…+32°C-тан +27…+36°C-қа дейін көтерілсе, ал оңтүстік-шығыста +15…+30°C-тан +20…+35°C-қа дейін жоғарылайды.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер мамыр айындағы ауа райын болжады.