30 секундта апат: Үндістаннан Лондонға бет алған ұшақ неге көкке көтеріле алмады?
Үндістанның Ахмадабад қаласынан Лондонға бағыт алған Air India әуе компаниясының AI171 рейсі ұшуынан бірнеше минут өткен соң тұрғын үйлерге құлап, 241 адам көз жұмды. Бұл – 2011 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан Boeing 787-8 Dreamliner ұшағының алғашқы өлімге әкелген апаты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Ұшудан кейін 30 секунд ішінде апат
Ұшақ 13:39-да ұшып шыққан соң, 190 метр биіктікке әрең көтеріліп, кенет төмендей бастайды. 30 секунд ішінде ұшақ тұрғын ауданға құлаған. Ұшқыштар төтенше жағдай туралы белгі беріп үлгергенімен, одан кейін байланыс үзілген.
Ұшақ апатының алғашқы нұсқалары қандай?
Авиация мамандары мен пилоттар мынадай алдын ала себептерді атады:
1. Қос қозғалтқыштың бір мезгілде істен шығуы – бұл өте сирек кездесетін жағдай. Бұған отынның ластануы немесе өлшеу жүйесінің ақауы себеп болуы мүмкін;
2. Құстармен соқтығысу – Ахмадабад әуежайы құстардың көптігімен танымал. Соңғы 5 жылда бұл өңірде 462 оқиға тіркелген;
3. Ұшуға дейінгі конфигурациялық қате – мысалы, ұшақ қақпақтарының (қанаттағы көтергіш элементтер) дұрыс ашылмауы. Бұл жағдайда ұшақ ауыр отынмен және жолаушылармен толық жүктелгенде ұша алмайды.
Тергеу басталды
Қазір Үндістанның авиациялық билігіне АҚШ пен Ұлыбритания мамандары қосылып, қара жәшіктер мен ұшақ сынықтарын зерттеу арқылы нақты себептерді анықтауға кірісті. GE Aerospace және Boeing компаниялары да тергеуге атсалысуда.
Апат салдары
Ұшақ құлаған аймақта ауруханалар мен мемлекеттік мекемелер орналасқан, бірқатар ғимараттар қирады. Бір ғана адам аман қалған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Air India ұшағы 12 маусымда Үндістанның Ахмедабад қаласының тұрғын ауданында құлады. Ұшақ Лондонға ұшуы керек еді, бірақ әуеге көтерілгеннен кейін бірден ұшқыштар апат сигналын берді, содан кейін ұшақ дәрігерлерге арналған жатақханаға құлады.
Үндістандағы ұшақ апатына қозғалтқыштың істен шығуы себеп болуы мүмкін екені хабарланды. Сарапшының айтуынша, екі қозғалтқышы да істен шыққанда ұшқыш диспетчерлерге апат сигналын берген.
Белгілі болғандай, Air India қаза тапқандардың отбасына 60 миллион теңге өтемақы төлейді. Сондай-ақ компания иелері ұшақ апатынан зардап шеккендердің емделуге кететін шығынын өздері көтеретінін айтты. Сонымен қатар, олар ұшақ құлаған медициналық колледж ғимаратын қалпына келтіруге көмектеспекші.