Бүгiн 2026, 14:25 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

3 трлн теңге: ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы компания қарызды қалай өтейтінін айтты

ҚТЖ қарызды транзиттен түсетін табыспен жабуды жоспарлап отыр

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ҚТЖ ірі инфрақұрылымдық жобалар үшін алған несиелерін транзиттен және өзге де табыс көздерінен түсетін кіріс арқылы жаба алатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айта кетейік, Нұрлан Сауранбаев 2021-2025 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болған.

Қарыз туралы айтсақ ол 3 млн емес, шамамен 3 трлн теңге... Транзит – үлкен мүмкіндік. Осы бағыттан қанша табыс табуға болатынын түсінуіміз керек. Сондықтан біз қаржы салып, тар жерлерді кеңейтуіміз қажет, – деді ол Сенатта өткен брифингте.

Оның айтуынша, ұлттық компания жаңа теміржол желілерін салуға және қолданыстағы бағыттарды кеңейтуге белсенді түрде инвестиция құйған.

Мысалы, Достық–Мойынты желісін салдық, оған ешкім бізге ақша бермеді. Компания несие алады. Алтынкөл–Жетіген бағытын кеңейтіп жатыр – оған да қаржы керек. 2,5 мың шақырымды жаңғырту да қаражатты талап етеді. Барлығы үшін ақша қажет. Егер транзитті дамыту міндетін қойсақ, осының бәріне қаржы жұмсалады, – деді Нұрлан Сауранбаев.

Ол бұл қаражаттың нарықтан қарыз алу арқылы тартылатынын еске салды.

Бұл қаражат жарғылық капиталға құйылмайды, компания несие алып, оны жобаға бағыттайды. Соның нәтижесінде есепте қарыз сомасы көрінеді. Достық–Мойынты жобасының құны 504 млрд теңге – осы қарыз сол жерде пайда болады. Ол ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Бірақ басты сұрақ – бұл жоба өзін ақтай ма, пайда әкеле ме? – деді ол.

Министрдің айтуынша, табыстың өсуі арқылы компания қарыз бен табыс арасындағы арақатынасты төмендетіп отыр.

Табысыңыз бен EBITDA (салық, амортизация және пайыздарды шегергенге дейінгі пайда) салыстырылғанда, бұл көрсеткіш бір кездері 16-ға дейін жеткен, ал қалыпты деңгей – 3,75. Өткен жылы бұл арақатынас 1-ден 4-ке дейін түсті, бұл – қалыпты. Ал қор өкілдері ұсынған болжам бойынша, ол 1-ге 1 деңгейіне дейін жақындайды. Яғни, біз “қызыл аймақтан” “жасыл аймаққа” өттік, – деді ведомство басшысы.

Еске салайық, бұған дейін ҚТЖ 1 млрд доллар көлемінде еурооблигациялар орналастырып, қаржы тартқаны белгілі болды. Бағалы қағаздарға сұраныс 3,9 млрд долларды құрап, ұсыныстан шамамен төрт есе жоғары болған.

Сондай-ақ Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов ҚТЖ-ның қарызы туралы ескертіп, бұл жағдай тасымал бағасының айтарлықтай қымбаттауына әкелуі мүмкіндігін айтты.