3 млрд теңгеден астам ақша жинап қаржы пирамидасын құрғандар сотталды

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қаржы пирамидасы бойынша Түркістан облысы полицейлерінің тергеуінде болған екі мыңнан астам жәбірленушінің ісіне нүкте қойылды. Нақтырақ айтсақ, полицияға 2020 жылдан бастап Evolution Corporation мен «Индиго 24» ЖШС қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түскен. Олар республиканың 6 облыс пен қалаларының тұрғындары. Сол сәтте жасалған қылмыстың ауқымы ескеріліп, ІІМ-нің бұйрығымен қылмыстық іс Түркістан облысы Полиция департаментінің базасында жүргізіліп, тәжірибелі тергеушілер тобы құрылған болатын. Топты Түркістан облысының тәжірибелі тергеушілерінің бірі Алтынай Жолымбекова басқарды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасты, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

 Айтуынша, жедел қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстаған. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді.

Осы уақыт ішінде полицейлер мен прокурорлар күдіктілердің кінәсінің дәлелдерін жинау бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Сараптаманың 15 түрі тағайындалды. Тергеушілер қылмыстық топтың бірнеше жылдар бойы салымшыларға ақшалары еселеп қайтатыны бойынша уәде етіп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 млрд теңгеден асатын қаражатты иемденгенін анықтады. Қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғаны, жоспарланған түрде әрекет еткені және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгені дәлелденді. Нәтижесінде тәжірибелі тергеушілер мен прокурорлардың келісімімен айыптау актісімен 1000 томдық қылмыстық істі сотқа жолданды, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Сонымен қатар ол бүгін осы қылмыстық іс бойынша соттың үкімі шыққанын жеткізді.

Атап айтсақ, қаржы пирамидасының ұйымдастырушы, құрылтайшылары болып саналатын 3 адам 12 жылға, ал олардың орынбасарлары болған 5 күдікті 10 жылға, қалған 17 күдікті 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сотталушылардың ең үлкені 55 жастағы әйел болса, ең жасы – 31 жаста, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы