3-5 қазанға арналған ауа райы болжамы: Қар, тұман және көктайғақ күтіледі
Ел аумағына қуатты Солтүстік циклонның келуіне байланысты ауа райы күрт суытып, қолайсыз сипатқа ауысады. «Қазгидромет» синоптиктері 3-5 қазанға ауа райы болжамын жариялады.
Ауа райы тұрақсыз болып, республика аумағының басым бөлігінде жаңбыр және қар аралас жауын-шашын күтіледі. Кезеңнің соңына қарай еліміздің солтүстігінде түнгі уақытта қар, көктайғақ және төмен бұрқасын болатыны болжанып отыр. Тек оңтүстік пен шығыс өңірлерде жаңбыр жауады.
Еліміздің батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Республика аумағы бойынша желдің күшеюі болжанған.
Ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысында түнде -1-ден -6°С-қа дейін төмендейді.
Күндіз солтүстік-батыста, солтүстікте және еліміздің орталығында ауа температурасы 0,+5°С-қа дейін, шығыста +7+12°С-қа дейін, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста +10+15°С-қа дейін, таулы аудандарда 0,+5°С-қа дейін төмендейді. Еліміздің батысында ауа температурасы +10+18°С-қа дейін жоғарылайды, – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер қазан айында елімізде ауа райы жылы әрі жауын-шашын мөлшері орташа болатынын болжады. Айлық орташа ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтіледі.
Сондай-ақ, 2 қазан, жұма күні барлық өңірде дауылды ескерту жарияланды.