24 Қыркүйек 2026, 12:54 Фото: gov.kz

2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 миллион маман қажет – Президент

Қазақстанда инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жұмыстары жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің сөзінше, 2035 жылға дейін елімізге 2,9 миллион маман қажет болады. Оның ішінде 1,8 миллионы – жұмысшы мамандар.

Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Болжам бойынша 2035 жылға дейін елімізге 2,9 миллион маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан астам студент білім алып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жастарды ерте бастан кәсіптік бағдарлауға және дуальді оқытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сонымен қатар қажетті машықтарды меңгерген, бірақ салалық дипломы жоқ азаматтарға кәсіби біліктілігін растауға мүмкіндік беретін 22 орталық жұмыс істейді.

Президент Астанада жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасына да тоқталды. Бұл жоба бизнес өкілдерінің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық сала мамандарын қысқа мерзімде даярлауға бағытталған.

Бұл – бизнестің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық сала мамандарын, атап айтқанда, тігінші мен дәнекерлеушіден бастап веб-әзірлеуші мен дизайнерге дейін даярлайтын қысқа мерзімді оқыту моделі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, үш жыл ішінде жоба аясында 22 мыңнан астам адам білім алған. Оның 60 пайызы жұмысқа орналасса, екі мыңға жуық адам жеке кәсібін ашқан.

Мемлекет басшысы бұл тәжірибені еліміздің барлық өңіріне тарату қажеттігін айтты.

Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасау – ортақ міндетіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі бағыттарының бірін атады. Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдық кеңестермен тұрақты байланыс орнатуы қажет екенін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келе жатқанын атап өтті