2029 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің жүктемесі азаяды
2029 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесі 30%-ға төмендейді.
Қазақстан мемлекеттік басқарудың платформалық моделіне көшіп жатыр. Жасанды интеллект қазірдің өзінде өтініштерді өңдеу, хаттамалар дайындау және аударма жасау үшін қолданылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметшілер AI-құралдарын өз бетінше әзірлеуді үйреніп жатыр. Сонымен қатар суперкомпьютерлердің есептеу қуаттары стартаптарға, жоғары оқу орындарына, мемлекеттік органдар мен компанияларға қолжетімді.
Ұлттық жасанды интеллект платформасы AI-шешімдерін әзірлеуге арналған бірыңғай орта ұсынады. Сондай-ақ тренингтерге, деректер жиынтықтары мен үлкен тілдік модельдерге қолжетімділік ашылды. Бұл өз бетінше білім алуға және экономиканың түрлі салаларына арналған AI-өнімдерін әзірлеуге мүмкіндік береді, – деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, аталған құралдарды кеңінен қолдану күнделікті қайталанатын операцияларды автоматтандыруға мүмкіндік береді.
2029 жылға қарай ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдері екі есе қысқарып, мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесі 30% деңгейіне дейін төмендеуі тиіс, – деді министр.
Тағы оқи отырыңыз: «Бір орынға – 7 адам»: Қазақстанда мемлекеттік қызметке талас күшейді
Қызметтік әдеп: Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілерге қандай талаптар қойылады?