2029 жылға дейінгі меже: Digital Qazaqstan аясында қандай жобалар іске асады?
Отын-энергетика кешенінің 70%-ы цифрландырылып, жүк қозғалысын бастан-аяқ бақылауға арналған Smart Cargo жүйесін енгізіледі.
Digital Qazaqstan стратегиясының таныстырылым барысында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев жекелеген процестер бір-бірінен оқшауланған түрде цифрландырылуы тиістігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің сөзінше, өндірісті көлікпен және логистикамен синхрондау қажет, өйткені бұл бағыттар бір-бірімен тікелей байланысты. Сонымен қатар жасанды интеллектіні енгізудің негізгі принциптерінің бірі экономикалық тиімділік болады.
Жасанды интеллект, егер инфрақұрылымды есептесек, арзан дүние емес. Сәйкесінше, біз жасанды интеллектіні ең алдымен жалпы ел үшін ең үлкен экономикалық тиімділік беретін бағыттарда қолдануымыз керек, – деп атап өтті вице-министр.
Отын-энергетика кешенінде 2029 жылға қарай активтердің кемінде 70%-ын цифрлық мониторингке қосу жоспарланып отыр. Бұл объектілердің жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға және олардың сенімділігі үшін тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Құрылыста цифрлық тәсіл объектінің бүкіл өмірлік циклін жобалаудан бастап пайдалануға дейін қамтуы тиіс. 2029 жылға қарай жаңа техникалық күрделі объектілердің 100%-ын біріңғай цифрлық контурда сүйемелдеу жоспарланып отыр.
Вице-министр көлік және логистика үшін бөлек блок қарастырылғаннын айтты. Оның сөзінше, цифрландыру жүктің бүкіл жолын – өткізу пункттерінен өтуден бастап негізгі көлік дәліздері мен мультимодальды тораптар бойынша қозғалысына дейін қамтуы тиіс.
Smart Cargo аясында басым тасымалдар цифрлық паспортпен және үздіксіз трекингпен сүйемелденетін болады. Ұсынылған көрсеткіштерге сәйкес, басым өткізу пункттерінен өту уақытын 30 минутқа дейін қысқарту жоспарланып отыр, ал Smart Cargo басым тасымалдардың кемінде 80%-ын қамтуы тиіс, – деді ол.
Агроөнеркәсіптік кешенде цифрлық шешімдер ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тиімділігін арттыруға және заманауи басқару құралдарына қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталатын болады. Қарастырылған шешімдердің қатарында – шаруашылықтардың цифрлық профильдері, бақылау жүйелері, ЖИ-ассистенттері бар Smart-фермалар және Digital Agro Market сауда алаңы.
Жекелеген жүйелерден – біріңғай платформаға
Digital Qazaqstan-ның тағы бір принципі – бытыраңқы ақпараттық жүйелерден бас тарту.
Бахтияр Мұхаметқалиев түсіндіргендей, қазір азаматтар әртүрлі өмірлік жағдайларда жекелеген мемлекеттік жүйелерді қолданады. Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда өздерінің цифрлық процестері жұмыс істейді.
Оның айтуынша, басты міндет – шешімдерді синхрондау және оларды платформалық деңгейде біріктіру. Нәтижесінде азаматқа қандай да бір қызметті алу үшін нақты қай мемлекеттік жүйе арқылы қажеттігін өз бетінше түсінуге тура келмейді.
Таныстырылымда цифрлық технологиялардың дамуымен қатар жүретін тәуекелдерге де назар аударылды.
Бахтияр Мұхаметқалиев цифрландырудың өсуімен бірге халықтың киберсауаттылық деңгейін де арттыру қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, азаматтар әлеуметтік желілерде жеке ақпарат пен фотосуреттерді өз бетінше жариялайды, бірақ ол ақпараттарды алаяқтардың қолына түсу қаупі бар. Сондықтан стратегияны жүзеге асыру аясында киберқауіпсіздік саласында ауқымды ақпараттық және білім беру жұмыстары қарастырылған.
Жоспар сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғалуын арттыруды және кибермәдениетті дамытуды қарастырады. Цифрлық үкімет объектілері «Жеке деректерге қол жеткізуді бақылау» сервисіне қосылатын болады, ол азаматтарға өздерінің жеке ақпаратының қолданылуын неғұрлым ашық бақылауды қамтамасыз етуі тиіс.
Digital Qazaqstan-да тағы не қарастырылған?
Стратегияның жеке бағыты отандық IT-индустрияны және цифрлық инфрақұрылымды дамытумен байланысты.
Ең ірі жобалардың бірі «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» базасындағы ұлттық AI Hub болады. 2029 жылға қарай оның қуаты 200 МВт-ты құрауы тиіс, кейіннен 1 ГВт-қа дейін арттырылады.
Сондай-ақ робототехниканы, ұшқышсыз жүйелерді және басқа да технологиялық бағыттарды дамыту қарастырылады.
Стратегияны жүзеге асыру қорытындысы бойынша, жасанды интеллектіні ауқымды енгізу және негізгі салаларды цифрландыру 2029 жылдың соңына қарай Қазақстанның ЖІӨ-не жылына орта есеппен шамамен 1,5 пайыздық тармақ деңгейінде қосымша үлес қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығында Президент Жарлығымен бекітілген «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясының 2029 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары таныстырылды.