2027 жылы кімнің жәрдемақысы қысқармайды? – Нақты жауап айтылды
Қазақстанда 22 түрлі жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгермейді
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік әл-ауқатты бағалаудың жаңа әдістемесі күшіне енеді. Алайда реформа республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақыны қамтымайды. 36 төлемнің 22-сі бұрынғы тәртіппен тағайындала береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Әлеуметтік саясаттағы мақсаттылық қағидаты» тақырыбындағы брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің түсіндіруінше, жаңа әдістеме бойынша отбасының материалдық әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығы бағаланады. Бұл ретте отбасының табысы, мүлкі, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік жүктемесі ескеріледі. Алайда жәрдемақының барлық түріне бұл талап қолданылмайды.
Қандай жәрдемақылар өзгеріссіз қалады?
Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттен төленетін 36 төлемнің 22-сі бұрынғыдай барлық тиісті алушыға тағайындалады. Бұл төлемдер бойынша отбасының А-Е санаттары ескерілмейді.
Өзгеріссіз қалатын төлемдер бірнеше санатқа бөлінеді.
1. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдарға арналған 8 төлем:
- Ұлы Отан соғысына қатысушылар;
- соғыс кезінде жаралану, контузия алу, мертігу немесе ауруға шалдығу салдарынан мүгедектігі бар адамдар;
- Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар;
- соғыс мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген азаматтар;
- соғыста қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлері;
- Ұлы Отан соғысы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның жұбайы;
- Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері және үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері;
- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлері.
2. Еңбек жағдайларының ерекшеліктеріне байланысты 4 төлем:
- мемлекеттік арнайы жәрдемақының №1 тізімі бойынша аса зиянды және аса ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істегендерге төлем;
- №2 тізім бойынша зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істегендерге төлем;
- арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
- заңды тұлға таратылған кезде сот шешімімен мемлекетке жүктелген өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу төлемі.
3. Ядролық сынақтар мен саяси қуғын-сүргін зардаптарына байланысты 4 төлем:
- Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардан зардап шеккен зейнеткерлер мен жәрдемақы алушыларға өтемақы;
- 1949-1990 жылдары Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардан зардап шеккен жоғары радиациялық қауіп аймақтарының тұрғындарына өтемақы;
- жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына өтемақы;
- мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.
4. Әскери қимылдар мен апаттардың зардаптарын жоюға қатысқандарға арналған 2 төлем:
- Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушыларға, апат аймағынан эвакуацияланған және қоныс аударған адамдарға төлем;
- басқа мемлекеттердің, соның ішінде Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне төлем.
5. Мүгедектікке байланысты 4 төлем:
- I топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- II топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- III топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- Байқоңыр қаласындағы жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға төлем.
Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдерді 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.
Тағы оқи отырыңыз: Жәрдемақы: 2027 жылдан бастап қазақстандықтарды не күтіп тұр?