2027 жылы инфляция 7,5-9,5 пайыз деңгейінде болжанып отыр
Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болмақ. Оның жыл сайынғы орташа өсімі кемінде 5 пайыз деңгейінде болжанып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылыс саласында да жоғары қарқын сақталады.
Құрылыста өсу қарқыны 2027 жылы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін артуы болжануда. Бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту ықпал ететін болады, – деді вице-министр.
Көлік және қоймалау саласы 10 пайыздан астам өседі
Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсім сақталады.
Азамат Әмриннің айтуынша, сауда орта есеппен жылына 5,7 пайызға, көлік және қоймалау саласы 10,4 пайызға, ақпарат және байланыс саласы 9,2 пайызға өседі.
Сонымен қатар оң сауда балансы сақталады.
Тауарлар экспорты болжам бойынша 2027 жылы 82,8 млрд доллардан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін, импорт 80,5 млрд доллардан 88,4 млрд долларға дейін өседі. Инфляцияның болжамды дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5 пайыз, 2028-2029 жылдары 6-8 пайыз деңгейінде анықталған, – деп түйіндеді Әмрин.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин еліміздің 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.