2027 жылға дайындық үш ай бұрын басталды: Қазақстанда дәрі тапшылығы бола ма?
2027 жылға қажетті дәрі-дәрмектің 84 пайызы алдын ала сатып алынып, қор көлемі 35 пайызға ұлғайтылды.
2027 жылы Қазақстанда дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеу үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 76 ауру бойынша 2,1 млн пациент жалпы құны шамамен 245 млрд теңге болатын препараттармен қамтылған.
2025 жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы электронды рецептпен дәрі-дәрмек беру үлесі 82 пайызға жетті. Бұл препараттарды тікелей пациенттерге беру үдерісінің ашықтығын арттырады. Заманауи, тиімді әрі қауіпсіз дәрілік емнің қолжетімділігін жақсарту мақсатында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Дәрілік заттар тізбесіне 14 ауруды емдеуге арналған 22 заманауи препарат қосылды, – деді ведомство басшысы.
Министр сонымен қатар сұранысы төмен және тиімділігі жеткіліксіз деп танылған 26 ауру бойынша 52 дәрілік препараттың тізімнен шығарылғанын айтты.
21 жасқа дейінгі қант диабетімен ауыратын пациенттер мен жүкті әйелдерді инсулин помпаларымен және қажетті шығын материалдарымен қамтамасыз ету ауқымы кеңейтілді. Бұл өзгерістер пациенттерге қажетті емнің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесін жаңартумен қатар, сатып алу рәсімдерінің тиімділігі де арттырылып жатыр. Пациенттерді қажетті препараттармен уақытылы қамтамасыз ету үшін 2027 жылға арналған сатып алу науқаны биыл былтырғыға қарағанда үш ай ерте басталды. Қыркүйек айының өзінде 2027 жылға қажетті дәрі-дәрмек көлемінің 84 пайызы сатып алынды, – деп атап өтті еліміздің бас дәрігері.
Оның сөзінше, дәрі-дәрмек тапшылығы қаупін азайту үшін төмендетілмейтін қор көлемі 35 пайызға ұлғайтылған.
Биыл жыл соңына дейін Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында 2027 жылға қажетті дәрі-дәрмек қоры қалыптастырылады. Оның көлемі жалпы қажеттіліктің 95-100 пайызына жетеді. 2025 жылғы сәуірден бастап амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жеке жоспарлау жүйесі енгізілді. Ол әр пациенттің диагнозын ескере отырып, қажетті препараттар көлемін анықтауға мүмкіндік береді. Қазір бұл жүйеге 692 медициналық ұйымның деректері біріктірілген. 2027 жылға арналған жоспарлау аясында диспансерлік есепте тұрған пациенттердің тізімі жаңартылып, олардың дәрі-дәрмекке деген қажеттілігі толық қамтылды, – деп нақтылады Ақмарал Әлназарова.
Белгілі болғандай, мұндай жоспарлау жүйесі сатып алуға қажетті дәрі-дәрмек көлемін дәл анықтауға, тапшылық пен артық сатып алу қаупін азайтуға, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда 500-ге жуық дәрі-дәрмек түрін өндіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Дәріханаларда тегін дәрілер сатылған: ДСМ жүздеген заңбұзушылықты анықтады
Онкологиядан диабетке дейін: Қазақстанда жаңа дәрі зауыттары салынады