2026 жылғы пітір садақаның мөлшері белгілі болды
2026 жылғы пітір садақаның мөлшері белгілі болды. Бұл туралы ҚМДБ мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады, - деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы.
2026 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:
Бидай 2 кг – 318 теңге.
Ұн 2 кг – 735 теңге.
Арпа 4 кг – 514 теңге.
Мейіз 2 кг – 6400 теңге.
Құрма 4 кг – 12400 теңге.
ҚМДБ баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.
Осыған орай 2026 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 735 теңге болып белгіленді.
Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 (төрт мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді, – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның барлық өңіріне арналған ораза кестесі шықты.