2025 жылы ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 4 млн-ға жетеді – Дәленов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов онлайн өткен Үкімет отырысында айтты.
Қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жалғасады. Тұтастай алғанда, бұл 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға дейін және шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 4 миллион адамға дейін ұлғайту бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді, - деді министр.
Дәленов атап өткендей, бүгінгі күні Салық кодексінде 12 салық, 48 кіші салық түрі, 10 төлемақы және 6 алым көзделген. Тиісінше, салықтар мен төлемдер санын барынша азайту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Экономиканың аса көп зардап шеккен секторлары үшін баламалы негізде айналымнан бөлшек сауда салығын төлеу құқығын қолдану мәселесі зерделенетін болады. Сондай-ақ, салық мөлшерлемелерін саралау мүмкіндіктері зерделенеді. Бюджеттің түйінді коэффиценттері жиынтығы әзірленетін болады. Бюджет саясатының тиімділігі мен тұрақтылығын бағалау енгізілетін болады, - деді ол.
Ол атағандай, «Кеңейтілген бюджетті» енгізу шеңберінде шоғырландырылған бюджетке бюджеттен тыс қорларды қосу арқылы Мемлекеттік қаржыны кешенді бағалау енгізіледі.
Инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық мерзіміне заңнамалық талаптардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Стратегиялық инвестициялық келісімдер енгізіледі. Осы мақсатта Кәсіпкерлік және Салық кодекстеріне, сондай-ақ «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңға түзетулер көзделетін болады, - деді ол.
Айта кетейік, Руслан Дәленов өзінің министрлігі Жолдауды қалай жүзеге асыратынын айтты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы