2025 жылы Қазақстанға Үндістаннан 250 мыңға жуық турист келді

Астанада Үндістан Республикасының 77-ші Ұлттық күні аталып өтті. Іс-шараны Қазақстандағы Үндістан елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салтанатты қабылдау барысында Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Я.К. Сайлас Тангал Үндістан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтті.

Қазақстан – Үндістанның Орталық Азиядағы ең ірі серіктесі. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіш қолда бар әлеуеттен әлдеқайда төмен және оны арттыруға зор мүмкіндік бар, - деді елші.

Елші сондай-ақ екі елдің ШЫҰ, БРИКС, БҰҰ, АӨСШК және «Үндістан – Орталық Азия» диалогы сияқты халықаралық алаңдарда тығыз ынтымақтастық орнатып отырғанын атап өтті. 

Оның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға келген үнді туристерінің саны шамамен 250 мың адамға жеткен. Осыған байланысты Үндістан тарапы Қазақстан азаматтарына 30 күнге дейін тегін туристік және медициналық виза беру туралы шешім қабылдаған.

Қазақстан мен Үндістан ақпараттық технологиялар мен финтех, жасанды интеллект, аса маңызды пайдалы қазбалар, фармацевтика мен денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өңдеу, тоқыма, құрылыс, энергетика, соның ішінде жаңартылатын энергия көздері, сондай-ақ логистика салаларында өзара толықтырушылықтың зор әлеуетін көріп отыр.

Қорғаныс саласындағы ынтымақтастық Үндістан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бірлескен бітімгершілік миссиялар, оқу-жаттығулар, даярлық бағдарламалары, ақпарат алмасу және жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлар бұл өзара іс-қимылдың мазмұны мен маңызын тереңдете түсуде. Сонымен қатар Үндістан Сыртқы істер министрлігінің ITEC бағдарламасы мен ICCR стипендиялық бастамалары екі ел арасындағы адами байланыстарды нығайтып, академиялық және кәсіби алмасулар арқылы халықтарымыз арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал етіп келеді, – деді Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Я.К. Сайлас Тангал.

Іс-шара аясында Swami Vivekananda атындағы Мәдени орталық дайындаған мәдени бағдарлама ұсынылып, Үндістанның Шай кеңесі мен Кофе кеңесінің қолдауымен үнді шайы мен кофесін ілгерілетуге арналған арнайы таныстырылым ұйымдастырылды.

Салтанатты қабылдау Үндістан мен Қазақстан арасындағы 77 жылдық республикалық тарихқа негізделген достық байланыстарды және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды дипломатиялық шара болды.

Бұған дейін Қазақстан мен Үндістан мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова
Өзгелердің жаңалығы