11 Қараша 2026, 11:32 Фото: gov.kz

2025 жылғы ғылыми жобалар конкурстары 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған – ЖАП

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, ғылыми жобаларды іріктеу мен қаржыландыру жүйесінде бірқатар кемшілік анықталған. Соның салдарынан қаражатты уақытылы әрі объективті бөлу, сондай-ақ жобалардың түпкілікті нәтижесіне қол жеткізу мәселелері толық шешілмеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Смайыловтың мәліметінше, ғылым субъектілерін аккредиттеу бірыңғай жүйесіз жүргізілген. Нәтижесінде 212 заңды тұлғаға олардың зерттеу жүргізуге қажетті технологиялық мүмкіндіктері айқындалмастан аккредиттеу берілген.

Бұған қоса, 2025 жылғы ғылыми жобалар конкурстары 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Бұл зерттеулердің басталуына және оларды іске асырудың бүкіл цикліне кері әсер еткен.

Сараптама жұмыстары да уақытылы жүргізілмей, шамадан тыс жүктемемен іске асырылған. Материалдар ұлттық ғылыми кеңестерге 93 жұмыс күніне дейін кешіктіріліп ұсынылған. Экономикалық сараптама бюджеттік сүзгі қызметін атқармаған. Ұлттық ғылыми кеңестер 545 жоба бойынша қаржыландыру көлемін 12 млрд теңгеге қысқарту жөніндегі ұсыныстарды ескермеген, – деді Смайылов Құрылтай отырысында.

Тағы бір мәселе – мүдделер қақтығысының тәуекелі. Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы сомасы 52 млрд теңгені құрайтын 127 жобаның зерттеу топтарына кірген. Ал 27 мүшесі осы жобалардың ғылыми жетекшілері болған.

62 млрд теңге бөлінген 79 жобаның шығындары толық нақтыланбаған

Жоғары аудиторлық палата төрағасы ғылыми жобаларды қаржыландыру әрдайым күтілетін нәтижеге қол жеткізуге бағытталмайтынын да атап өтті.

Мәселен, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 79 жобаға оларды іске асыру шығындары егжей-тегжейлі нақтыланбастан, 62 млрд теңге бөлінген. Яғни, мемлекет ірі ғылыми жобаларды шығындар құрылымын толық айқындамай қаржыландырған, - деп айтты ЖАП басшысы.

Сонымен қатар жобаларды орындаушыларға ықпал ететін қаржылық тетіктер іс жүзінде жоқ. Жобаны қорытынды бағалаудан кейін ғана төленетін қаржы үлесі соңғы жылғы қаржыландыру көлемінің 10%-ын немесе жобаның жалпы құнының 2,4%-ын ғана құрайды.

Бұл есеп қабылданбаған жағдайда да қаржының басым бөлігі жобаны орындаушылардың иелігінде қалатынын көрсетеді.

Бұдан бөлек, жалпы сомасы 16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілмеген.

Сараптама орталығы жүргізген мониторинг жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, оларды жоюға бағытталған міндетті шешімдер қабылданбаған.
2025 жылы екі мыңнан астам ғылыми және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жобасы мониторингпен қамтылып, 3 млрд теңгеден астам сомаға заңбұзушылықтар анықталған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл ақпаратты назарға алумен ғана шектелген.

Еске салсақ, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ғылым саласындағы аудит нәтижелерін жариялады.

Белгілі болғандай, Қазақстанда 2023-2025 жылдары бекітілген ғылыми-техникалық тапсырмалардың 149-ы орындалмаған. Оларға 67 млрд теңге қаражат қарастырылған.