2021 жылы ішкі туризмде көрсетілген қызмет көлемі 109 млрд теңгені құрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, қызмет көрсетілген келушілер саны бойынша елдің бірқатар өңірінде ішкі туристердің саны өскен.

Көрсетілген қызметтердің көлемі карантинге дейінгі кезеңге сай. 2021 жылы көрсеткіш 109 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы 120 млрд теңгеге жеткен. Негізгі өсу ішкі туристер санының артуымен байланысты болып отыр. Мысалы, Ақмола облысында көрсетілетін қызметтер көлемі 3 млрд теңгеге жуық, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 2 млрд теңгеге, Шымкент қаласында 1 млрд теңгеге өсті, - деп атап өтті министр. 

Алайда бұл көрсеткіштің Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Атырау облыстарында және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында айтарлықтай төмендегені байқалады.

 Еске сала кетейік, бұған дейін Дәурен Абаев былтыр ішкі туристер саны 50%-ға өсіп, 7 млн-ға жуық адамды құрағанын  айтқан болатын. Алайда есесіне шетелден келетін туристер саны азайғаны байқалған. Бұған пандемия салдарынан орын алған карантиндік шектеу іс-шаралары мен сыртқы шекаралардың жабық болуы әсер еткен. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы