Зейнетақы шегінің өсуі баспана бағасына қалай әсер етеді?
Экономистің айтуынша, жаңа әдістеме болашақта кедей зейнеткерлер санының артуына жол бермеуге бағытталған.
Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленетін жеткілікті шегінің айтарлықтай өсуі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл өзгерістің себебі неде және оның салдары қандай болады? Бұл туралы «R-Finance» микроқаржы ұйымының қаржы кеңесшісі, экономист Арман Байғанов пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске сала кетсек, БЖЗҚ зейнетақы жинағын алудың жаңа жеткілікті шегін жариялаған болатын.
Сарапшының айтуынша, жаңа жеткілікті шегі бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда едәуір артқан.
Көріп отырғанымыздай, жеткілікті шегі айтарлықтай өсті, кей санаттар бойынша екі есеге жуық көтерілді. Бұл ең алдымен бұрын жеткілікті шегіне жеткен азаматтарға және бұрынғы жүйе бойынша болашақта зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануды жоспарлаған азаматтарға әсер етеді, - дейді экономист.
Оның сөзінше, мемлекет мұндай қадамға кездейсоқ барған жоқ. Соңғы жылдары азаматтар зейнетақы қорындағы қаражатты тұрғын үй сатып алуға, баспанасын жөндеуге және емделуге жаппай пайдалана бастаған.
Егер бұрынғы жеткілікті шегі сақталған жағдайда, көптеген азамат болашақта зейнетке шыққанда өте төмен зейнетақы алуы мүмкін еді. Соның салдарынан кедей зейнеткерлер саны артып, бұл әлеуметтік шиеленіске және мемлекетке қосымша қаржылық жүктеме түсіруі ықтимал болатын. Сондықтан мемлекет неғұрлым прогрессивті есептеу моделіне көшуді жөн көрді, - дейді ол.
Арман Байғановтың айтуынша, енді жеткілікті шегі жыл сайын тұрақты түрде өсіп отырады. Есептеу барысында инфляция деңгейі ғана емес, оған қосымша 4-5 пайыздық коэффициент те ескерілмек.
Жаңа модель бойынша жеткілікті шегі жыл сайын прогрессивті түрде өседі. Соның нәтижесінде зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі бұрынғыдай кең ауқымды болмайды. Мұндай мүмкіндік негізінен табысы орташа деңгейден жоғары азаматтарда ғана сақталады. Яғни зейнет жасына дейін жинақтың бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі бар болғанымен, оған қол жеткізетіндердің қатары азаяды, - дейді сарапшы.
Экономист бұл өзгерістердің басты мақсаты – болашақ зейнеткерлердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Жаңа жүйе бойынша азаматтардың болашақтағы зейнетақысы анағұрлым жоғары болады. Бұл өз кезегінде алдағы жылдары әлеуметтік шиеленістің төмендеуіне ықпал етеді. Әрине, болашақ зейнетақы мөлшері азаматтың еңбек жолындағы табысына да байланысты. Жалақысы төмен болған адамның жинағы да аз болады, сәйкесінше алатын зейнетақысы да төмен болады, - дейді ол.
Зейнетақы активтері қалай инвестицияланады?
Арман Байғанов жаңа реформаның тағы бір маңызды тұсы - зейнетақы активтерін басқару жүйесінің өзгеруі екенін айтты.
Оның айтуынша, болашақта салымшылардың жасына және зейнетке шығуына қалған уақытқа қарай бірнеше инвестициялық модель енгізілуі мүмкін.
Қазір бұл мәселе талқылану үстінде. Зейнетке шығуына аз уақыт қалған азаматтар үшін барынша консервативті инвестициялық модель қолданылуы ықтимал. Мұндай жағдайда активтердің шамамен 30 пайызына дейін шетелдік бағалы қағаздарға инвестиция салынуы мүмкін. Орташа тәуекел деңгейіндегі модельдерде бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін жетуі ықтимал, - дейді сарапшы.
Ал жас салымшылар үшін тәуекел деңгейі жоғары, бірақ табыстылығы көбірек модельдер қарастырылып жатыр.
Зейнетке шығуына әлі ондаған жыл бар жастар үшін шетелдік активтерге инвестиция көлемі 70-80 пайызға дейін жетуі мүмкін. Себебі олардың уақыт көкжиегі ұзақ болғандықтан, тәуекелдерді өтеуге мүмкіндігі жоғары, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, жаңа модель жеке инвестициялық басқарушы компанияларға көбірек еркіндік беруді көздейді.
Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық саясаты өте консервативті. Соның салдарынан кірістілік деңгейі де салыстырмалы түрде төмен. Ал жаңа модель жеке басқарушы компанияларға көбірек мүмкіндік беріп, инвестициялық табыстылықты арттыруға жол ашады. Бұл болашақта азаматтардың алатын зейнетақы төлемдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - дейді Арман Байғанов.
Жаңа шек тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді?
Сарапшының сөзінше, жеткілікті шегінің өсуі тұрғын үй нарығына да әсер етуі мүмкін.
Жаңа шектер халықтың кең бөлігін қамтиды. Соның салдарынан зейнетақы жинағын пайдаланып баспана сатып алатын азаматтар саны азаяды. Демек ипотекалық мәмілелердің көлемі де төмендеуі мүмкін, - дейді ол.
Экономист мұндай жағдай жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділіктің бәсеңдеуіне алып келуі ықтимал екенін айтты.
Нарықтағы сұраныс азайған жағдайда тұрғын үй бағасының өсу қарқыны баяулауы немесе кей сегменттерде аздап төмендеуі мүмкін. Сонымен бірге құрылыс саласына да әсер етеді. Мәмілелер азайған сайын құрылыс компанияларының сатылым көлемі төмендейді. Белгілі бір кезеңде бұл құрылыс секторына теріс ықпал етуі ықтимал, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, өзгерістер ипотекалық нарыққа ғана емес, тұрғын үй жинақ жүйесіне де әсер етеді.
Зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі шектелген сайын тұрғын үй жинақтау жүйесіне қатысушылардың бір бөлігі өз жоспарларын қайта қарауы мүмкін. Бұл белгілі бір деңгейде ипотекалық нарық пен тұрғын үй жинақтау сегментіне әсер етеді, - деп айтты Арман Байғанов.