18 трлн теңге: Қазақстандықтардың банктерге қарызы күн санап өсіп келеді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте өтіп жатқан парламенттік тыңдауда қазақстандықтар банктерге 18 трлн теңге қарыз екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеке тұлғалардың несиелерінің жалпы көлемі – 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 млн-нан асады. Соңғы 3 жылда тұтынушылық кредит беру сегментінде өсім байқалады. Ұлттық банктің дерегінше, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33 пайыз болды. Биыл 8 айда тұтынушылық кредиттер портфелі 9,2 трлн-нан теңгеден асады. Екінші деңгейлі банктердің проблемалық қарыздар деңгейі 5,2 пайыз немесе 0,5 трлн теңгеден асты. Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе қарыз алушылардың жалпы санынан 7 пайызына тең, - деп атап өтті агенттік басшысы.
Сонымен қатар ол банктер кредиттерді баланстан есептен шығарып жатқанына тоқталды.
512 мың қарыз алушы бойынша баланстан есептен шығарылған кредиттер көлемі 434 млн теңгеге дейін жетті. Былтыр микроқаржы секторында тұтынушылық микрокредиттер портфелі 46 пайызға өсті. Биыл 8 айда ол 11 пайызға ұлғайып, 1 трлн теңгеге жетті. Проблемалық қарыздар 8,8 пайызға тең, олар 2021 жылдан бері 180 пайызға ұлғайып, 98 млрд теңге болды. 2021 жылдан бастап проблемалық қарыз алушылар саны 190 мыңнан адамнан 347 мың адамға дейін өсті, - деді Мәдина Әбілқасымова.
Еске сала кетейік, Жамаубаев жеке тұлғалардың банкроттығына өзгерістер енгізу қажеттігін айтқан болатын.