27 Шілде 2026, 16:05 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

176 млрд теңге заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылған: Тоқаевқа ҚМА есебі таныстырылды

Президентке қаржы жымқыру, дропперлер, жалған клиникалар мен фишингтік шабуылдарға қарсы атқарылған жұмыстардың нәтижесі баяндалды.

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттіктің биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берілді.

Жанат Элиманов 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 миллиард теңгенің зардабы өтелгенін жеткізді. Сондай-ақ 7 қылмыстық топтың (оның ішінде төртеуі – трансұлттық топ) және 176 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз түрде қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желінің қызметіне тосқауыл қойылғанын атап өтті, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен кірісті жылыстату үшін пайдаланылған 12 астыртын криптоайырбастау пункті жойылған. Бұдан бөлек, өз есепшоттары арқылы 113 миллиард теңгені өткізген 36 дропперлік топ анықталды.

Президентке ТМД елдері аумағында алғаш рет дербес деректерді заңсыз иемдену мақсатында ұялы байланыс операторларының жұмысын имитация жасайтын және фишинг SMS-хабарламаларды жаппай тарататын арнайы құрылғыны пайдаланған адамдар ұсталғаны баяндалды.

Агенттік төрағасы бюджет шығыстарына мониторинг жүргізу шаралары туралы айтты. Мәселен, 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 миллиард теңге қаржының негізсіз жұмсалуына жол берілген жоқ. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 миллиард теңге көлемінде мемлекет қаржысын жымқыру ықтималдығы анықталды. Сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу үшін жеке клиникалардың 140 мың азаматтың жалған тіркеу мәліметтерін көрсеткені белгілі болды, - деп хабарлады Ақорда.

Бұдан бөлек, алдын алу жұмыстары аясында заңсыз ойын бизнесінің белгілері бар 9 мың сайт пен аккаунт бұғатталды. Алаяқтық пиғылымен ашылған 2,3 мың ресурстың және 35 мыңнан аса мүшесі бар 25 чаттың қызметі тоқтатылды.

Қаржылық сауатты арттыру бағытындағы іс-шараларға 245 мыңнан астам азамат қатысты. Салалық заңнаманы жетілдірудің нәтижесінде Қазақстанның рейтингтегі орны ФАТФ-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша жоғарылады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Агенттік қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Президент Атырау облысының жаңа әкімі Болат Ақшолақовты да қабылдап, бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер туралы баяндалды.

Тағы оқи отырыңыз: Тоқаев Ұлытау әкіміне жаңа міндеттер жүктеді: Өңірді дамытуда не өзгереді?