173 мың теңге. Қашықтан оқыту туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастырылуымен өткен «BilimLand» оқыту платформасының жұмысы таныстырылымы кезінде компания директоры Санжар Кенжеханұлы айтты.

Білім министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі балалардың денсаулығын сақтауға арналған ережелері мен ұсыныстары бар. Ереже бойынша сабаққа қашықтан қатысатын оқушыларға экран алдында бір сабаққа 15 минуттан 30 минутқа дейін уақыт бөлгені жөн. Кейін бір сабақ өткеннен кейін оқушы 5-10 минут демалуға уақыт берілуі тиіс. Демалыстан кейін қайта сабаққа оралуға болады. Сонымен қатар екін форматта оқыту түрі бар, олар - синхронды және асинхронды, - деді Санжар Кенжеханұлы.

Синхронды оқытуда эфир, бейнеконференция арқылы мұғалім мен оқушы арасындағы тікелей байланыс. Егер техникалық ақау немесе мүмкіндіктерге байланысты тікелей бейнеконференцияға қосылуға мүмкіндік болмаса, онда асинхронды форматта сабақ оқуға болады. Яғни ыңғайлы уақытта берілген тапсырмаларды балалар платформаға кіріп орындай алады.

Желі проблемасы қалаларда сирек, дегенмен шалғайда орналасқандарда интернет мәселесі туындайды. Осы ретте  Білім және ғылым министрлігі және цифрлық министрліктің бастамасымен оқушылар мен мұғалімдер үшін «Bilim» жаңа тарифі жасалды. Осы тариф арқылы олар еліміздегі оқыту платформаларын тегін пайдалана алады. Егер осы тариф арқылы шетелдік ресурстарды пайдаланса, онда траффик желінеді болады, - деді ол.



Директордың айтуынша, 2 қыркүйекте ресурсты қолданушылар саны бір уақытта күрт өсіп кетті. 

Сол себепті сервер жылдамдығы бойынша провайдерлерде проблемалар болған. Ол қателікті түзедік. Қазір ондай қателіктер жоқ, - деді ол ресурс жұмысы туралы.

Кенжеханұлының сөзінше, OnlineMektep.org платформасы қыркүйектен бастап жұмысын бастады. 

Қазақстан бойынша 4 200 мектеп қашықтан оқыту форматында білім алада. Оның 3 200-ге жуығы осы платформаны пайдаланады. Осы мектептерге 2,6 млн жеке аккаунт бердік. Яғни қазір күніне 1,9-2 млн аккаунт жүйені пайдаланып отыр. Бейсенбі күні платформаны қолдануда туындаған қиындықтар мен сұрақтар бойынша ата-аналарға, мұғалімдерге вебинар өткіземіз. Сондай-ақ мұғалімдер тарапынан қойылатын 18 сұрақ бар. Сол бойынша жұмыс істейтін боламыз, - деді ол.

Сонымен қатар Санжар Кенжеханұлы бірнеше күн бұрын сабақ кезінде болған келеңсіз оқиғаға тоқталып өтті.

Аккаунттардың қауіпсіздігі бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын сабақ кезінде келеңсіз видео қосылып кеткен жағдай болды. Осындай оқиғадан кейін біз тиісті шараларды қабылдадық. Барлық аккаунттың құпия кілттерін ауыстыруды және оны ешкімге таратпауды мұғалімдер мен оқушылардан сұрадық. Өкінішке қарай, сабақ басталғанда аккаунттар WhatsApp топтарға жіберілген. Сол себепті кей оқушылар қазір бірге оқитын достарының жеке кабинеттерінен кіріп, ойынға айналдырып жіберіп жатқандары бар, - деді ол.

Платформаны құруға айына 110 млн-ға жуық сома жұмсалған.

OnlineMektep жобасына айына 110 млн теңге кетті. Яғни маусым, шілде, тамыз және қыркүйек айлары бойы жасалды. Сонымен қатар IV тоқсандағы видео сабақтар мен қашықтан оқытуға арналған мүмкіндіктер жеке қаражат есебінен жасалды. Біз арнайы министрлікпен не білім басқармаларымен шартқа отырмадық. Халық алдындағы жауапкершілігіміз ретінде орындадық. Негізгі мақсатымыз баршаға қолжетімді, сапалы білім алуға мүмкіндік жасау, - деді ол.

Санжар Кенжеханұлы OnlineMektep платформасын пайдалану үшін бір мектеп екі тоқсанға 173 мың теңге төлейтінін айтты. Орта есеппен алғанда бір пайдаланушы айына 111 теңге жұмсайды. 

Білім және ғылым министрлігі нақты бір компанияны (тілші - оқыту платформасын) қолдамайды. Олар цифрлық білім беру нарығындағы жұмыс істеудің стандарттарын береді. Яғни, біз контент жасайтын мекеме болғандықтан сараптамадан жыл сайын өтеміз. Кейін арнайы ұсынылған ресурстар тізіміне енеміз. Министрлік облыстағы, аудандардағы мектептерді жинап, презентация өткізуге мүмкіндік берді. Ал өз кезегімізде біз мектептерге демо-аккаунттар бердік. Кейін мектептер ресурсты пайдаланып көрді. Нәтижесінде 3 200-ге жуық мектеп осы платформамен жұмыс істеуге шешім қабылдады, - деді Bilim Media Group компаниясының директоры Санжар Кенжеханұлы.

Платформа арқылы оқушыларға білім беріп жүрген мұғалім өз тәжірибесімен бөлісті.

26 жылдық мұғалімдік еңбек өтілімімде қашықтан оқытуға бірінші рет кездесіп отырмын. Басында бәрімізге қиын болды. Түрлі оқыту платформасын көрдік. Қазір біздің мектеп OnlineMektep платформасымен жұмыс жасап жатыр. Оқыту платформалары үштік одақпен жұмыс жасауға мүмкіндік берді. Олар мұғалім, оқушы және ата-ана. Мұғалім платформаны пайдаланып, сабақ кестесін құрады. Сабақтың тақырыбын қояды. Кейін бала кіріп, сабаққа өтеді. Мұнда видеосабақтар, жазбаша конспекті, қайталау сабақтары да бар. Тапсырманың соңына дейін орындаған баланы бағалап, кері байланыс жасаймыз. Денсаулық министрлігінің нұсқаулығына сәйкес, оқу тапсырмалары жас деңгейіне қарай берілген. Мысалы, 5-сыныпқа 6 сұрақ, 10-11 сыныптар үшін 10 сұраққа дейін берілген. Сонымен қатар ата-ана да баланың үлгерімін бақылай алады, - деді Нұр-Сұлтандағы №50 Қазғарыш мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Балымгүл Асқарбекова.

Мұғалімнің айтуынша, бұл жүйе балаларды академиялық адалдыққа үйретеді.

IV тоқсанда білім сапасымыз жоғары болды. Себебі ата-ананың көмегі болды. Ал дәстүрлі форматта оқығанда баланың өзінің жауабын бағалайтынбыз, - деді мұғалім.

Президент 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында ұлттық оқыту платформасын енгізуді тапсырған болатын.

Біз жеке компаниямыз. Біз квази не мемлекеттік емеспіз. Министрлікке өзіміздің ресурсты ұлттық платформа ретінде қарастыруға болатынын ұсындық. Дегенмен, мұғалімдер өздеріне ыңғайлы, сенімді платформамен жұмыс істеулері керек, - деді Санжар Кенжеханұлы.

Сондай-ақ, платформаны Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және басқа да аймақтар белсенді пайдаланып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы