17 мың киік мүйізі тәркіленді: Браконьерлік әлі де тыйылмай тұр
Қазақстанда киіктің популяциясы соңғы жылдары рекордтық көрсеткішке жетті. 2003 жылғы 21 мың басқа қарсы 2025 жылы шамамен 5 миллионға дейін өскен. Алайда соңғы екі жылда 17 мыңнан астам мүйіз заңсыз айналымнан тәркіленген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, заңнаманың қатаңдатылғанына қарамастан, браконьерлік фактілері әлі де кездеседі.
Соңғы екі жылда құқық қорғау органдары қылмыскерлерден 17 мыңнан астам киік мүйізі мен 500-ден аса киік етін тәркіледі, – деді Шәрбиев.
Вице-министрдің айтуынша, сирек кездесетін жануарларды сақтау мен қорғау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Ведомство браконьерлікке қарсы шараларды күшейту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы бұл ерекше жануарды келер ұрпақ үшін сақтап қалуға болатынын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда қызыл қасқыр, жайран және қар барысы сияқты ондаған сирек жануар әлі де жойылу қаупінде тұр. Олардың популяциясы браконьерліктің, жайылымдардың тозуы мен табиғи ортаның бұзылуы салдарынан азайып келеді.
Әлемдегі киік популяциясының 99%-ы Қазақстанда мекендейтінін айта кетейік.