Театрда 16 жыл еңбек еткен актриса Президенттен күтпеген сый алды
Елімізде 21 мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні атталып өтті.
Осы күнге орай бірнеше өнер адамы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан пәтер кілтін алды. Солардың бірі - Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 16 жылдан бері қызмет етіп жүрген актриса Анар Әділова.
Бүгінгі қуанышым - үлкен сый. Біз өнерді сүйгендіктен, маңдай терімізді сахнаға төккеніміз үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан баспана алуды нәсіп етіп отыр екен. Мен өте қуаныштымын. Басшымыз Талғат Қамқабайұлына үлкен алғысымды айтамын. Министр Аида Балаева ханымға да көп рақметімді айтамын. Мен өнерді бекер жақсы көрмейді екенмін. Үйді аңсап жүрген адамның бәріне керемет баспана нәсіп етсін, - дейді Анар Әділова.
Актриса баспана алатынын мүлде білмегенін айтады.
Маған соңына дейін баспана алатыным айтылған жоқ. "Форумға Аида Балаевамен кездесуге барасыздар" деді. Былтыр әріптестеріміз төсбелгі алғандықтан мен де төсбелгі алатын шығармын деп ойладым. Ең соңында ғана баспана берілетінін білдім. Сол кездегі жай-күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қобалжығаным соншалық, күле де, жылай да алмай қалдым. Бұл мен үшін өмірімдегі үлкен оқиға. Мен үшін тарихи күн, - дейді актриса.
Еске салайық, бұған дейін Президенттің қолынан баспана кілтін алған Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы Арайбек Асқардың оқиғасы туралы баяндаған едік.