130 млн. Назарбаев кеңсесіне бөлінетін қаражат қысқарады
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, биыл Тұңғыш Президент кеңсесіне бөлінетін ақша әжептәуір қысқарады.
Нақтыланған бюджет аясында Тұңғыш Президент кеңсесінен 130 млн теңге шамасындағы қаржы алынып тасталынады. Қалған қаражат – шамамен 1-1,5 млрд теңге мөлшерінде, содан 130 млн теңге алынады. Бұл тек биылғы сома, - деп нақтылады Қаржы вице-министрі Сенаттың кулуарында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дәурен Темірбеков қазынадан бөлінетін 55 млрд теңге 200 ауылды көркейтуге жұмсалатыны туралы айтқан болатын.
Жалпы, бюджетті нақтылау аясында келесі басым бағыттарға жалпы сомасы 2,2 трлн теңге шығындарды ұлғайту қарастырылған. Өңірлерді нығайту мен инфрақұрылымын дамытуға 240 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде қалалар мен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуге 109 млрд теңге жұмсалады, - деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар 2023 жылы қосымша шығындар қалаларды орталықтандырылған сумен жабдықтау қолжетімділігін 99 пайызға дейін, ал ауылдық елді мекендерде 96,5 пайызға дейін арттыруға жол ашады.
Айта кетерлігі, бүгін Сенатта «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.