12 басшы жазаланып, зейнетке шыққан мұғалімдерге 5 млн теңге өтемақы төленді
Білім беру қызметкерлері 5 млн теңге көлемінде қосымша төлемдер алды.
Қостанай облысында зейнет жасына жетсе де, тиісті төлемін ала алмай жүрген 34 ұстаздың құқығы қорғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жангелдин ауданының прокурорлары жүргізген тексерістен кейін мұғалімдерге 5 миллион теңгеден астам өтемақы толық қайтарылды. Заңды елеусіз қалдырған 12 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Белгілі болғандай, талдау барысында аудандық білім бөлімінің қызметінде ҚР Еңбек кодексінің 52 бабының талаптарына және білім беру ұйымдарының ұжымдық шарттарына сәйкес зейнет жасына жеткен қызметкерлерге бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде өтемақы төлеу көзделгені анықталды.
Алайда, аудандық білім бөлімі аталған нормаларды елемеген, соның салдарынан ауданның 14 жалпы білім беретін мектебінде зейнет жасына жеткен қызметкерлерге тиесілі 5 млн теңгеден астам сомаға өтемақы төленбеген. Қадағалау актісі бойынша бұзушылықтар жойылып, білім беру саласының 34 қызметкеріне тиесілі төлемдер толық көлемде төленді. Жол берілген бұзушылықтар үшін 9 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа, 3 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Қостанай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін мұғалімді "жемқор" деп айыптаған Тараз тұрғынына айыппұл салынды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Астанада оқушыны ұрып жіберген мұғалім жұмыстан шығарылды
Іссапар шығынын өз қалтасынан төлеген 500-ге жуық мұғалімнің ақшасы қайтарылды
Мұғалімдерге арналған өзгеріс: Енді тестті кім тапсырып, кім тапсырмайды?