12 адам қаза тапқан апаттан аман қалған 16 жастағы жасөспірімнің жағдайы ауыр
Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы 23 қазанда болған жол апатынан аман қалғандардың жағдайы туралы хабарлады. Жол-көлік оқиғасынан кейін Хромтау аудандық орталық ауруханасына алты адам жеткізілген. Олардың арасында 16 жастағы жасөспірім бар, дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, бүгін бірнеше науқас санавиациямен Ақтөбеге жеткізіледі.
Бүгін біз қалаға үш пациентті санавиация арқылы жеткіземіз. Олардың бірі – 16 жастағы бала. Жағдайы ауыр. Біз Ұлттық шұғыл медициналық жедел жәрдем орталығымен байланыстамыз. Қажет болған жағдайда оны санавиация арқылы Астанаға жібереміз. Қазір ондай қажеттілік жоқ. Барлығы толық тексеруден өтіп жатыр, – деді ол журналистерге берген брифингте.
Еске салайық, қайғылы оқиға 23 қазанда Самара – Шымкент тас жолының Белқопа ауылы маңында болған. DAF жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдаған «ГАЗель» көлігі соқтығысып, салдарынан 12 адам қаза тапқан.
Сондай-ақ, 12 адам қаза тапқан жол апатын тергеу үшін ІІМ Ақтөбе облысына арнайы топ жіберді. Жол апатының себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылды. Қаза тапқандардың арасында 2 бала бар екені нақтыланды.
Өңір басшысы Асхат Шахаров зардап шеккендердің жағдайын білу үшін ауруханаға барды.
Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігі осы қайғылы оқиғаға байланысты 25 қазан күні сағат 19:00-де «Қазақ халқына мың алғыс» алаңында өтуі тиіс гала-концерт пен отшашуды тоқтатты.