10 Қараша 2026, 13:09 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов

112-ден хабарламалар неге кешігіп келеді? ТЖМ мәселені қалай шешетінін түсіндірді

ТЖМ ұялы байланыс операторларымен жұмысты күшейтіп жатыр.

Қазақстандықтар 112 жүйесінен келетін төтенше жағдайлар туралы хабарламалардың кешігіп жететініне жиі шағымданады. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл мәселені ұялы байланыс операторларымен бірлесіп шешіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сондай-ақ Алматыда жер сілкінісі туралы жедел ақпарат таратуға арналған Mass Alert жүйесі де іске қосылған.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтты. 

Министрге сұрақ қойған журналистер тұрғындардың әсіресе жер сілкінісі кезінде ескерту хабарламаларының кешігіп келетінін айтқандарын алға тартты. Мұндай жағдай Алматыда болған жер сілкіністері кезінде де байқалған. Ал ауа райының қолайсыздығына қатысты хабарламалар кейде бірнеше рет қайталанып, тұрғындардың телефонды дыбыссыз режимге қоюына себеп болады. Осыған байланысты журналистер министрден хабарламалардың уақытылы жетуіне қай мекеме жауапты екенін және жүйенің жұмысын жақсарту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

Мұрат Мұхановтың айтуынша, әр өңірге арналған SMS-хабарламаларды тарату үдерісі «Қазгидрометтен» басталады. Одан кейін ақпарат ұялы байланыс операторларына жіберіліп, олар абоненттерге кезекпен жолдайды.

Иә, хабарламалардың кешігіп жететініне қатысты мәселе бар. Қазір ұялы байланыс операторларымен бірге оларды абоненттерге шұғыл жеткізу мәселесін пысықтап жатырмыз, – деп жауап берді ведомство басшысы.

Алматыдағы жер сілкінісі туралы жедел хабарлау үшін Mass Alert жүйесі орнатылған. Министрдің түсіндіруінше, бұл жүйе ұялы байланыс операторларының SMS-хабарламаларынан бөлек жұмыс істейді және ақпаратты тұрғындарға бір минутқа дейінгі уақытта жеткізуге мүмкіндік береді.

Алматыда Mass Alert жедел хабарлау жүйесі орнатылған. Ол ақпаратты халыққа бір минутқа дейінгі уақытта жеткізеді. Бұл – ұялы байланыс операторларынан бөлек жүйе. Қазіргі уақытта оның жұмысы жолға қойылған, – деді Мұрат Мұханов.

Министрдің айтуынша, осындай жүйелерді сейсмикалық қауіпті басқа өңірлерде де орнату жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ол 112 жүйесі арқылы хабарлама таратуға бюджеттен арнайы қаражат бөлінбейтінін айтты. Бұл жұмыс Төтенше жағдайлар министрлігі мен ұялы байланыс операторлары арасында жасалған меморандум аясында жүргізіледі.

Еске салсақ, бұдан былай тұрғын үйдің бірінші қабатындағы қоғамдық тамақтану орындарында заңбұзушылық анықталса, кәсіпкерлерге айыппұл салынып, талап орындалмаған жағдайда нысан сот арқылы жабылуы мүмкін.

Тағы оқи отырыңыз: ТЖМ: Қазақстандағы әрбір екінші өрт жеке тұрғын үйлерде болады 

Биыл елде өрт саны азайды – министр