1,1 млрд теңге субсидия жымқырылды: АШМ жемқорлық тәуекелі жоғары төлемдерді тоқтатқан
Ауыл шаруашылығы министрлігі жемқорлық тәуекелі жоғары деп танылған кейбір субсидия түрлерін алып тастаған. Олардың қатарында селекциялық жұмыстар мен құдық қазуға берілетін субсидиялар бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Түркістан облысында суару машиналарын субсидиялау кезінде анықталған заңбұзушылықтарға қатысты пікір білдірген кезде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта субсидия алуға өтінімдерді қарау және қаражат аудару процесі толық электронды форматқа көшірілген.
Субсидия тек белгіленген талаптарға сай келетін және расталған өтінімдер бойынша беріледі. Өтінімдерді қарау кезінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілген базалардағы мәліметтер пайдаланылады. Осылайша, өтініш берушілерден мемлекеттік базаларда бар ақпаратты қайта сұрату қажеттілігі азайған, – деді Назгүл Хатепова Құрылтайдағы брифингте.
Оның сөзінше, мұндай тәсіл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар министрлік бұған дейін жемқорлық тәуекелі жоғары деп танылған кейбір субсидия түрлерін алып тастаған. Олардың қатарында селекциялық жұмыстар мен құдық қазуға қатысты субсидиялар бар.
Назгүл Хатепова тергеу органдары қосымша түсіндіру немесе ақпарат қажет еткен жағдайда, министрлік тергеу жұмыстарымен бірлесіп жұмыс істеуге және анықталған деректерді ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысында ауыл шаруашылығы субсидияларына бөлінген 1,1 млрд теңгені жымқыру дерегін анықтаған болатын.
Тергеу мәліметінше, күдікті іс жүзінде елге әкелінбеген 37 суару машинасына жалған құжат рәсімдеп, бюджет қаражатын өзіне қарасты компаниялардың шоттарына аударып отырған.