101: Астанада ХХІ ғасыр батырларына арналған ерекше көрме ашылды

Астанадағы «Атырау» көпірінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қатардағы қызметкерлеріне арналған «Ризамыз құтқарушы» фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көрмеге келушілер көпір қоршауларына ілінген 112 құтқарушының портретін және QR-кодты сканерлеу арқылы олардың өмірбаянымен танысуға мүмкіндік алды.

Көрме «RIZAMYZ» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұған дейін мұғалімдер арналған дәл осындай көрме өткен болатын.

Фотокөрменің салтанатты ашылуында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов сөз алып, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Бұл көрме - Құтқарушылар күніне арналған сыйлық. Қуантарлығы, бүгін көрмені балаларымыз келіп тамашалап жүр. Бұл біз үшін үлкен абырой, мәртебе. Көрмеге 112 қызметкеріміздің, батырымыз портреті қойылып отыр. Осындай азаматтармен бірге қызмет ету – үлкен мәртебе. Барлығыңыз құтқарушылардың қызметі өте ерекше екенін білесіздер. Өйткені олар күнде қызметіне барар алдында өз өмірінен, денсаулығынан айырылуы мүмкін екенін біледі. Себебі құтқарушылардың жұмысы өте қауіпті, - деді министр.

Көрмедегі портреттердің арасында ең біріншіден өрт сөндірушілер, құтқарушылар, пилоттар, әскери азаматтар, медикалық-санитарлық қызметкерлері және басқа да бағытта жұмыс істейтін азаматтарымыздың бейнесі тұр.

Статистикаға сүйенетін болсақ, 30 жылдың ішінде құтқарушылар 400 мыңнан астам зардап шеккен адамға көмектесті. 380 мың адамды төтенше жағдай кезінде эвакуациялады. 70 мың зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Себебі саламызда 27 мың азамат қызмет етеді. Алайда күн сайын қызметке түсіп, қызметтерін адал атқарып жүр, - деп айтты ол құтқарушылар жайлы.

Құтқарушы болу үшін адамның бойынша қорқыныш сезімі болмауы керек. Ол оны төтенше жағдай кезінде жеңе білуі керек. Осындай жандардың бірі – құтқарушы Қайыржан Қуаныш.

Ол - Алматы облысы Жедел-құтқару жасағының құтқарушысы. Осы қызметте жүргеніне 3 жылдан асқан. Жасы 27-де.

Менің күнделікті жұмысым – адам өмірін құтқару. Бұл салаға келуіме әкем себепші болды. Әкем төтенше жағдайлар саласының ардагері. Қызмет кезінде көптеген адамның өмірін сақтап қалдық. Оны санамаймыз, тіпті есте де қалмайды. Себебі бұл күнделікті жұмысымыз. Мысалы, жазда шомылу маусымында басқа маусымға қарағанда құтқарылған адамдар саны көп болады, - деді құтқарушы.

Оның сөзінше, адамдардың төтенше жағдайларға тап болуы себебі – қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау. Жас құтқарушы Төтенше жағдайлар министрлігі беретін нұсқаулар мен ескертулерге назар аудару қажеттігін айтты.

Соңғы жылдары жұмысымыз кең талқыланып жүр. Теледидарда біз жайлы жиі айтылып, БАҚ беттерінде жиі жазылып жүр. Жалақы биыл қаңтардан бастап біршама көтерілді, - деп Қайыржан Қуаныш көрсетіліп жатқан қолдау жайлы сөз етті.

Ол қызмет бабында есінде қалған оқиғасын еске түсірді.

Алматы облысында Қапшағай су қоймасы бар. Оған жазда шомылуға 6 000-7 000-ға дейін адам келеді. Сол кезде қауіпсіздік ережесін сақтамай, шектеу, оқшауланған жерлерден өтіп, терең жерге барып, суға батқан адамдарды құтқарған едім. Дәлірек айтсам, рұқсат етілмеген алыс жерге жүзіп барған екі жасөспірімнің суға батып жатқанын байқап қалдым. Осы екі адамды құтқарып қалғаным есімде, - деп айтты ол.

Қайыржан Қуаныш осы екі адамды құтқарғаны үшін 2022 жылы 19 қазанда «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталған.

Қайыржан Қуаныш құтқарушылардың еңбегін елеп, осындай іс-шаралар ұйымдастырылып жатқаны осы сала мамандарына көрсетілген құрмет екенін атап өтті.

Бізге ең бастысы – құтқарылған адамдардың өмірі. Сыйақы не ақшалай ештеңе керек емес. Тек қана құтқарылған адамдардың рақметі болса жеткілікті, - дейді құтқарушы.

Көрме 20 қазанға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы